Исақан
Райыс үлкен ұлы Исаханға «Еңбек» Таңба ауылынан ары Өрелге жетпей тау қойнауынан бастау алып Бұқтырмаға құятын Қансу деген бұлақтың бойын қыстап отырған, Самай елінің атақты төбе биі Мәкиленің тікелей ұрпағы Садықтың қызы Қапизаны алып беріп, ал өзінің қызы Бәтиманы Садықтың інісі Жүніске беріп қарсы құда болған. Ол заманда қызға беретін қалың малы болмай, өмірі жар сүймей өткен азаматтар да болған ғой.
Батима мен Жүністен Қасен, Қасейін, Қатипа деген балалар туған. Садықтың екі ұлы Әбдікерім болыспен бірге 1929 жылы Қытай асып кеткен екен.
Исахан мен Қапизадан тараған ұрпақтар: Ахмет, Бөкей, Бағдат, Ақтайлақ, Күләнда, Күләми, Ақбота (Ботай), Байтайлақ (Кәтей). Қапиза ұзын бойлы, қалың толқынды шашты, қараторының өңдісі болған екен. Исахан балаларының ішінде шешесіне түрімен келбеті өте ұқсас Ахмет болған. Бөкей болса әкесіне көбірек тартқан. Аналары Қапиза құдайдың құтты күні жатар алдындағы тілеуіне «Бабамыз Мәкиленің шешендігі мен өнерін менің ұрпағымның біріне бұйырта көр» — деп, Алладан сұрайды екен. Мүмкін сол ананың сөзі періштенің құлағына шалынған болар, мүмкін аузы дуалы болды ма кім білсін, әйтеуір Исахан мен Қапизадан тараған ұлдар да ешкімге есесін жібермеген.
Десек те сөзге келгенде дес бермейтін Ахмет, одан кейін Бағдат болған. Оралханның бойының ұзындығы, толқынданған қайратты қатты шашы осы әжесінен қалған белгі болса керек…
Күллі қазақ елін ашаршылық жайлаған 1933 жылдың көктемінде Толыбай жайлауында колхоздың бір отар қойын бағып отырған Исаханның інісі Достың қолындағы Ахмет үйленіп, жыл өте қайтыс болады. Ахметтің алғаны көрші Жаңаүлгі ауылындағы Әтембектің қызы Күлиә болатын. Олардың отбасында бала-шағадан екі ұл Сейсен, Сәрсенбі екі қыз Дүриә мен Күлиә еді. Әтембектің кемпірі жарықтық етті-жеңді үлкен адам болған. Ахмет жазылмас дертке шалдығып, ақырында өзіне-өзі қол жұмсаған.
Ахметтің жетісін беріп, ауылдан ауырып жайлауға әзер жеткен шешесі Қапиза да ұзақ жатпай, айналасы оншақты күннің ішінде қайтыс болады. Бұл бір мың тоғыз жүз отыз үшінші жылдың наурыз айының аяғы.
Кайтыс боларда қасына Бөкейді шақырып: Исаханның балаларының ішіндегі ең үлкені сенсің, Ахмет болса «анадай» болды…саған айтарым, мен бұл дүниелік емеспін, қырыққа келгенде ана дүние, бақилықтың адамы болғалы жатырмын… Өздерің аман жүріңдер, біріңді-бірің тастамаңдар!.. Қазақта мынандай аталы сөз бар: «Түйеден қалған тұз жаман, шешеден қалған қыз жаман» дегендей, мына Күләндәні саған тапсырамын, Исахан мен Қапизаның жетім қызы дегізбе… Жалғанның жарығында сенің қолыңда болады, ақырет жалғанда өз қолыма табыс етесің – деп қызы Күләндәні, екінші ұлы Бағдатқа кіші қызы Күләмиді тапсырыпты.
Ол да бір колхоздың малының қамы үшін қатал табиғатпен жағаласып өткен заман еді. Ол кезде қазіргідей әрбір отар қойдың соңынан бір-бір ветбраш пен ветсанитары, зооттехнигі қойшымен бірге шұбап жүреді дейсің бе? Сол кезде қойдың құрттаған жерін, тұяғын тазалайтын, дәрісін беріп емдейтін де Исақанның өзі. Қойдың күзем жүні алынысымен қойшылар қыс қамына кіріседі. Жайлаудан күзеуге одан қыстауға көшкенде қора-жайдың, қойшының қоржын үйінің есік-терезесін, ішіндегі үш құдықты нан салатын пешінің жөндеу жұмыстарымен қоса отын-су қамдау сияқты қу тіршіліктің бітіп бермейтін жұмыстары тағы бар.
Исақанқызы Күләндәнің айтқандарынан.
Мағзұмов, Тоқтар. Алтайдағы алтын ұя. Райыстан-Оралханға дейін [Мәтін] : эссе-эллегия / Т. Мағзұмов. — Өскемен : Шығыс ақпарат, 2013. – 124 б.
Ел ақсақалы Бошай Кітапбаев үш томдық «Шежіре» атты кітабында Қаратай елінің қайдан шыққанын жан — жақты таратып жазды. Ақсақалдың айтуына қарағанда, Қаратайдың азан шақырып қойған аты Кенжебай болса керек. Бала кезінде ол Алтай өңірінде өткізілген бір үлкен адамның асында тай жарысында өзі мінген қара таймен бәрінен озып келіпті. Бәйгені тамашалап тұрған көрермендер «Қаратай келеді, Қаратай келеді!» деп айғайлап, кейіннен сол қара тайға мініп шапқан бала Кенжебай — Қаратай атанып кетсе керек. Қаратаймен бәйгеден келген баладан ел сөзін сөйлеп, ерлік үлгісін қалдырған Қаратай батырға дейінгі тағдыр ел арасында қалай баяндалады? Тайға таңба басқандай нақты құжаттар қолға түспегенмен, ауызша деректерде Қаратайдың от ауызды, орақ тілді би болғаны, оның атақты Қарасай батырмен бір тұста өмір сүріп, қол бастағаны жиі айтылады. Ал шежірешілер Қаратай әулетінің баянын былай тарқатады: тоғыз таңбалы найманның бір таңбасы Ергенектіден Сарыжомарт, Бура, Көкжарлы тарайды. Көкжарлыдан жеті Көкжарлы атанып кеткен жеті ұл — Андағұл, Жәрке, Қайқыберді, Қаратай, Құдайсүгір, Тәңірберді, Тілеуберді өрбиді. Ал Қаратайдан тараған Сарғалдақ, Дәулет, Шоңмұрын, Шеруші, Кәлім, Болат және олардың ұрпақтары тұтасымен Қаратай елі деп аталады.
Арқадағы Манақа өзені бойында найманның Қаратай деген руы өмір сүргені туралы деректі Н. А. Аристов баяғыда 1897 жылы «Заметки об этническом составе тюрских племен и народностей и сведения об их численности» деген еңбегінде жазып кеткенін білікті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлынан да естігенбіз.
…Бүгінде Катонқарағай ауылында Қаратай батыр атында саябақ ашылып, ауылдың кіреберісінде батыр бабаға ескерткіш мүсін орнатылған.