Автор: Dmitry

  • Ол ешкімге ұқсамайтын

    Оралханмен бір ауылда өстік, бір мектепте оқыдық. Бірақ Орағаңның менен жеті-сегіз жас үлкендігі бар. Кішкентай кезімнен бастап, көзден кеткенше оны үлкен аға есептедім. Ол кісіні дәл қай жылы, қай күні көргенімді есіме түсіре алмаймын, шамамен 1959 жылы алғаш рет көрдім. Содан бастап 1993 жылы 15-мамырда өмірден өткенге дейінгі уақыт аралығында Орағаңды жақсы білдім. Сегіз жылдай «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге үзеңгілес болып жұмыс істедік. Ол кісінің көзін көрген құрдас-замандастарының, ауылдастарының көбісі о дүниелік болып кетті. Оралхандардың буынының, яғни соғыс жылдарында туылғандардың көбінің ғұмыры қысқа болды, алды отызға келмей, соңы елуге жетпей қиылды. Марқұм Оралханның өзі де елуге төрт ай қалғанда қапияда көз жұмды…

    Оралханды ойыма алсам, туған жерді есіме түсірем, Оралханды сағынсам, Алтайдың түкпірінде Шыңғыстайымды сағынғаным. Біздің балалық шағымыздың бәрі сол жерде өтті.

    Барлық бала секілді Оралхан да бала болды, асыр салып ойнады. Тым арманшыл, қиялшыл болатын. Бірақ мен білетін Оралханның арман-қиялы басқалардан бөлек-тін.

    Ауылда қарағайдан қиып салған ескі клубымыз бар еді. Қыс болатын. Бірде ептеп басып сол клубқа кірсем, жіп-жіңішке, шашын артына қайыра тараған бозбала гормонды құлаштай тартып отыр. Ол әуенге бәрі билеп жатыр. Гормоншы бала «Дунай вальсін» шарықтата жөнелді. Бұл алғаш Оралханды көргендегі есте қалған бірінші көрініс. Оның төбесі барлық жерде көзге бірінші түсетін.

    Әнді де тәп-тәуір айтатын. Біздің ауылда ғана айтатын «Қонғаны ауылымның Құрымбайсаз» деп басталатын Алтай туралы бір ән бар болатын. Сол әнді өмірінің соңына шейін айтып кетті. Дастарқан басында Орағаң осы әнді бастайды, бәріміз оған қосыламыз. Бұл Қатонқарағай аудан азаматтарының Алматыдағы әнұраны іспетті еді.

    Үшінші сынып оқитын кезім. Сабақтан қайтып келе жатырмын. Алдымда — Оралхан мен Рахметолла деген жоғары сыныптың окушылары. Арттарынан үндемей ілесіп келем. Оралхан қызық әңгіме айтып келеді өзі айтып, өзі күледі. Әңгімелері қазірше айтсақ интимді тақырыпта. Маған қызық. Тыңдағым кеп ізбе-із ілесіп келем. Мен де олардың сөзіне күлемін. Қарқ-карқ күлген Оралхан кенет артына жалт қарады да, мені көріп: «Ей, мынау қайдан келе жатыр. Бырс!» — деді, мысық қуғандай. Сосын үй жағыма зыта жөнелдім. Бұл бала кезде Оралханнан қалған екінші естелігім еді.

    Үшінші есте қалғаны — Оралханның белсенділігімен байланысты. Ол ауыл жастарының ішінде ылғи алда жүретін. Есіліп, көсіліп тоқтамай сөйлейтін. Қай уақытта қай жерде сөйлесе де жұртты өзіне қарататұғын. Мен бесінші сыныпты оқып жүргенде, ол мектепті бітіріп, мектебімізге «пионер бажатый» болып келді. Мектептегі тәрбиелік жұмыстардың барлығын өзі атқаратын. 1962 жыл. Жаңа жыл мерекесінің жақындап қалған кезі. Сыныпқа Оралхан кіріп: «Балалар, араларыңда батыл, жақсы сөйлейтін, көпшілік алдында ұялмайтын кім бар?» — деді. Бәрі: «Әшімханов бар ғой», — деп маған қарасты. «Әй, қара бала, осы сенен бірдеңе шығады. Маған Аяз атаға Жаңа жыл болатын бала керек. Мен Аяз ата, сен Аяз атаның баласы боласың. Ендеше кешке біздің үйге кел. Саған киім тігеміз», — деді Оралхан бірден. Мен келістім. Үйіміз ауылдан төрт шақырым жердегі Бозтал деген қыстақта. Үйіме қайтпай сабақтан соң, бірден Оралханның үйін бетке алдым. Олардың үйі тура Бұқтырманың үстіндегі жарқабақта орналасқан. Ар жағы сыңсыған қалың тоғай. Үйіне кірсем қарындасы Мәншүк бар екен. «Дикөш, сен келіп қалдың ба? (Мені Оралхандар Дикөш дейтін) Оралхан ағаң сені Аяз атаның баласы болады деген. Қазір екеуміз саған арнап киім тігеміз», — деді Мәншүк. Оралхан ұлдан жалғыз болды. Төрт қыздың кенжесі — Мәншүк. Ол Оралханға қатты ұқсайтын, өте ақылды, тік мінезді жан еді. Оралхан да оны ерекше жақсы көрді. Ұмытпасам, Мәншүктің сол кездегі жасы он үш-он төртте. Маған қызыл шалбар мен желеттің жан-жағына мақта жабыстырып, бөріктің маңдайшасына «1963 жыл» деп сәндеп жазып, Жаңа жыл киімін дайындап берді.

    Ертесіне киімдерімізді киіп біз өз міндетімізді аткардық. Үлкен-кіші: «Аяз ата мен баласы келді», — деп мәз. Сонда бір таңғалғаным — Оралханның шешендігі. Адам баласы қалайша бұлай ағылып-құйылып сөйлей береді деп ойладым. Жұрттың бәрі ұйып тыңдады. Күлдірді. Таланттыларды таниды. Бәріне аралап жүріп ән салдырды. Ол сондай көңілді-тін.

    Осы сәттен бастап Оралханның ізін басу маған жазған шығар. Бір ауылдан екі бірдей жазушы шықтық. Оралханның мінез-құлқы, табиғаты, стилі бәрі-бәрі менен мүлде бөлек-ті.

    Оралхан сегізінші, тоғызыншы сынып оқып жүргенде, ауыл балаларын жинап алып, ойын ұйымдастыратын. Екі жаққа бөлініп алып қылыштасамыз. Оралханның қарағайдан қақтаған ақсары әдемі қылышы бар болатын. Ойынды бастап жүргеннен кейін екі жақ болып соғысқанда, ол жерде Оралханды жеңетін «жау» жоқ. Атаман өзі. Жау жағында жүргендердің өзі сатылып, Оралхан жағына шығып кетеді. Өйткені, ол адамды қай жағынан да тартып ала қоятын керемет талант-тұғын. Онда бала мінез, еркелік көп болды. Бірақ ол ақылды тентек-тін. Ұйымдастыра білетін, қай ортада болмасын бедел жинай алатын. Бала кезден-ақ өзгеден гөрі өзінің оқ бойы озық тұрған Оралхан екенін танытты. Ол танытайын демейді, оның табиғаты, болмысы солай жаратылды. Әкесі Бөкей ауылдың атқа мінерлерінің бірі болды. Оралханға шеше жағынан төрт-бес атадан қосылатын нағашы болып келеміз. Шешесі ғажап жан еді. Бір материалымда Оралханның анасы туралы «Етекті жанның естісі, жаулық жамылғанның сестісі еді» деп жазыппын. Қара сөздің бетінен қаймақ қалқығандай Күлия апам сөйлеп кеткенде, жел тынып, дауыл басылғандай болатын. Күлия апамдай өле-өлгенше есімен, сесімен кеткендер сирек. Адамның бойындағы дарын-қабілет негізінен шеше жағынан келеді ғой. Қазақ «алып анадан туады» деген сөзді бекер айтпаған болар.

    Оралхан алғаш Алматыға консерваторияға түсем деп келді. Асанәлілермен (Әшімов) бір жыл бірге оқыпты. Үйдің іші келіспегесін, консерваторияны ары қарай жалғастырмаған. Ауылға келіп қара жұмыс та істеді.

    Оралхан газетке ерте араласты. Аудандық «Еңбек туы» деген газетте мектеп оқушысы Оралханның бірнеше лақап атпен мақалалары жүретін. Оралхан Бөкеев, О.Бөкей, О.Исахан, О.Садақбай, О.Алтай, Орал Ахмет лақап аттары газет бетінен жиі көрініп жүруші еді. Кейін Оралхан деген: «Бала кездегі дүние ғой, Зырянның архивінде жатқан», — деп мән бермеді сондағы жазғандарына. Өйткені бала кезде жазған өлеңдерін өзі керемет дүние деп есептеген жоқ.

    Мен жетіншіде оқып жүргенде Оралхан аудандық газетте редактордың орынбасары болды. Тырнақалды өлеңімді Оралхан басты. Ол менің әдебиеттегі ең бірінші тұсауымды кесті

    Аудандық газетте істеп жүріп, Алматыға сырттай журфакқа оқуға түсті.

    Ұмытпасам Оралхан 1966 жылы үйленді. Ол кезде баламыз. Клубтың терезесінен сығалап қалыңдықты көрдік. Жеңгемізді аудан орталығынан алып келген-ді. Ең әдемі қалыңдық болды, сонда Айман жеңгеміз. Өзі орысша оқыған. Жаны жайсаң, мінезі жібектей мұндай әйел заты кездесе бермейді. Қызға тән биязы мінезімен келін боп түсіп, өмірден сол мінезімен кетті…

    69-жылдары Шерхан Мұртаза «Лениншіл жаста» редактор болып тұрғанда ол сонау Алтайдан материал жіберіп тұратын. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі жайында жазылған «Сарыарқаның жаңбыры» атты әңгімесі жарық көрді. Меніңше, Оралхан шығармашылығы «Сарыарқаның жаңбырынан» басталады. Шерағаңның көзі қырағы ғой, оның жазғандарын ұнатып, Алматыға шақырды. Бірден қызметке алды. Оралхан бұрынғы стильді сырып тастап, очерктерге жан бітірді. Оралхан өзі: «Тау басында қойшы тұр. Ол неғып тұр? Қой бағып тұр ма, ой бағып тұр ма? Мен оның қойынан бұрын ойына көп көңіл бөлдім», — дейтін. Сөйтіп Оралханның очерктері арқылы адамның жан-дүниесі көрінетін болды.

    Біз бір сөйлем жазып, екіншісіне ойланып отырамыз ғой. Ал Оралханға ағылып келе беретін. Өзі:«Менің қолым ойыма ілесе алмайды» дейтін. Табиғатынан батыл жазатын. «Аққала жасап ойнаған құрбым-ау» деген очеркі әлі есімде. Ауылдағы Қайкен Жұртбаев деген тракторшы жігіт туралы. Ауыл жастарының ауыр тұрмысы керемет берілген. «Міне, мен Көктөбенің басындағы ресторанда отырмын. Қайкен, сен қайда отыр екенсің?» — деп басталатын ол очерк.

    Оралхан шығармашылығына сынаудан гөрі, мақтау көп болды. Қызық, бір күні ащылау сын естіп қалса, шашын артына сілкіп тастап: «Осы жұрт қызық! Әдебиеттен тек классиканы ғана көргісі келеді. Бізде классик біреу-ақ. Ол — Әуезов қой. Әдебиетте XX ғасыр жазушыларынан Әуезов қана қалады, біздікі жай дүние ғой», — деуші еді. Кейде тіпті сын естігенде ешкімнің беделіне қарамай, ойындағысын ақтарып тастайтын. Ғабең (Ғабит Мүсірепов) Оралханның бір сөйлемін сынаған кезде, оған Орекеңнің қаттырақ сөз айтып тастағаны да есімде. Кейін Ғабең айтады екен: «Әдебиетті бір бұзса, осы Оралхан бұзады», — деп. Расында, Оралхан бұзды да. Әдебиетімізге публицистиканың кейбір элементтерін алып келген — сол Орекең шығар. Оның ешқандай кемшілігі де артықтығы да жоқ. Кім қалай жазады, өзі біледі. Оралхан — прозаның публицисті. Публицист деген — айтқыштық. Бұл Оралханның әдебиетте өзі қалаған формасы. «Ореке, мына шығармаңыздың мына жері артық қой», — десең: «Иә, артық. Дәл сол жерде мен бармын», — деп жауап беретін. Сөйтіп, ол өзін қорғай да білетін. Біреу жақсы дүние жазса, өзі жазғандай қуанатын. Ал таланты кемшін жандар болса, оны бетіне басып айтып отыра беретін. Артық кеткен жері болса, оны да түсінетін. Тікелей келіп кешірім сұрамаса да, өзінің кінәлі екенін, артық кеткенін сезіндіретін. Қайтымы жылдам еді.

    Оралхан киімге өте талғампаз-тын. Ауылдың дүкеніне жаңадан қандай киім түссе, сол киімді Оралханның үстінен көретінбіз. Жазушылардың ішінде де ең әдемі, ең жарасымды, соңғы сәнмен киінетін де осы Оралхан болатын. Және қандай киім кисе де өзіне жараса кететін. Бір күні мен байқамай костюмімнің сыртына қаламсабымды салып қойыппын. Мұны байқаған Оралхан: «Дикөш, ауылдағы счетчиктерге ұқсамай, қаламсабыңды ішкі жан қалтаңа салып қойшы»,- деді. Содан әлі күнге шекті қаламсапты ішкі қалтама немесе басқа жерге салып жүретін болдым.

    Орағаң Алматыда жүргенде-ақ ешкімнен қымсынбай Алтайдың тиін бөркін киіп алатын. Тиіннің құйрығы төбесінде үкі сияқты желбіреп жүреді. Дубленканы да Алматыда ең алғаш кигендердің бірі — Оралхан. Бірде біз: «Осы студенттер жақсы киінетін болды», — деп әңгіме етістік. Сонда Орағаң: «Студенттерді қайдам, мен өзі әлі күнге дейін киінгенде студенттерге жеткізбей келе жатырмын ғой. Студенттер талғаммен киіне алмайды» дейтін. Ол кісінің шашы өмір бойы ұзын болды. Сонда айтатын: «Осы менің бар сымбатым шашымда тұрған сияқты. Егер мен жұрт секілді шашымды ретке келтіріп қиып, тарасам, онда мен кәдімгі ешкібас болып шыға келер едім. Қидыруға басымның формасы келмейді, жетпей жатқан жерімді шашыммен толтырып қоямын» деп. Орағаң жылтырақ дүниеге әуес емес-тін. Өйткені, Айман жеңгеміздің өмірінде әйел болып құлағына немесе қолына сырға-сақина салғанын көрмеппін. Күйеуі алып берсе де: «Жарайды, артынан тағам ғой», — деп тақпай қояды екен. Мұны көрген Оралхан жылтырақ тақсын ба? Мен қанша уақыт бірге жүріп, оның сақина таққанын көрмеппін. Үстіне артық-ауыс ештеңе жамамайтын. Қызыл түсті ұнататын. Мойнына шарф орап жүру немесе сәнді шүберек орамал байлап алу — Оралханда ғана болатын.

    Оралхан — ешқашан ескірмейтін жазушы. Ол үлкеннің де, кішінің де жан дүниесін оята алатын, мұңға да батыратын жазушы. Ол елуге келгенше еліне ерен еңбек сіңірген жан.

    Дидахмет Әшімханов.

    Жазып алған Жадыра Аймаханқызы.

    Әшімханов, Дидахмет. Ол ешкімге ұқсамайтын [Мәтін]: /Д.Әшімханов//Ақ желкен.- 2010.- № 9.- Б. 32-34.

  • Қасқыр ұлыған түнде

    Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры биылғы 19-шы маусымын жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» атты бір актілі лирикалық драмасымен ашты.

    Аталған қойылым жазушының 75 жылдық мерейтойына арналды. Жасыратыны жоқ, театрға келе жатқанымызда көкейімізде «Екі-үш беттік шағын ғана новелладан қалай үлкен сахналық қойылым жасауға болады?» деген бір күдіктің болғаны рас. Десе де қойылымды көргеннен кейін бұл күдік бірте-бірте сейілгендей болды. Қойылымнан Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, жас режиссер Асыл Қозықановтың өзіндік қолтаңбасын байқадық. Иә, Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесі өмірдің өзінен алынып жазылған дүние екені белгілі ғой. Редакторының тапсырмасымен қыстың ұзақ кешінде жолға шыққан жас журналистің басынан кешкен оқиғасы кез келген оқырманды бей-жай қалдырмайды. Шағын ғана дүниеден көп нәрсені білесіз, түйсінесіз, көмейіңізге ащы өксік тығылғандай болады. Өйткені, жазушы әңгімелеп отырған оқиға сізге таныс. Новостройка селосына беталған автобус та, ондағы жолаушылар да – бәрі, бәрі жаныңызға ерекше жақын. Тіпті, ақ түбіт шәлі оранған Арайды да көптен білетін секілдісіз.

    Басы кейіпкер – журналистің алдына қойған мақсаты айқын. Ол – Новостройка деп аталатын қала типінде салынып, мәдени тұрмыстық жағынан бүкіл республикаға үлгі болған сәулетті селоны мақтап, мадақтап жазу. Бірақ журналист бұл ойынан айнып қалады. Неге? Өйткені, автобуста сапарлас болған ару қыз Арайдың өлімі оған қатты әсер етеді. Қорқау қасқырлардың жемтігіне айналған Арайдың өлімі арқылы жазушы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін паш етеді, және сол ауылдың атының Өркен деп аталатынын айтсаңызшы. Аты Өркен болғанымен, өркениеттен жұрдай қалып, өгей күй кешкен қазақ ауылының тіршілігі, Арайдай арудың аянышты өлімі жас жігіттің санасын сілкіп, жүрегіне салмақ түсіреді. Тұңғыш рет жас журналист редакторының тапсырмасын орындаудан бас тартады. Шындығында жазушы өзінің бұл шығармасында үлкен әлеуметтік мәселені қозғайды. Екі ауылдың арасындағы жер мен көктей айырмашылық, жол қатынасы, жарық мәселесі, ауыл адамдарының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, құр босқа даңғазалық, мақтау, мадақ сүйгіштік – бәрі, бәрі бүгінгі қоғамның келбетін көз алдыңызға әкелетіні сөзсіз. Бірі озып, бірі тозып тұрған ауылдар қазір де жетерлік қой. Новостройка неге өркендеп, гүлдейді де, неге Өркендей қазақ ауылы өгей күй кешеді? Қалай десек те, жазушы көтерген мәселе бүгінгі күні де өте өзекті екені шындық.

    Жазушының осынау қоғамның ащы шындығын баяндаған шағын ғана дүниесін жас режиссер Асыл Қозықанов сахналық қойылымға айналдырып, халыққа ұсынып отыр. Новелланы сахнаға ықшамдап инсценировкасын жасаған да өзі. Оның қойылымды сәтті шығару үшін күш салғаны, әрине, көрер көзге байқалып-ақ тұр. – Бұл менің көрермендерге ұсынған екінші үлкен қойылымым. Бұған дейін балаларға арналған бес спектакль сахналадым. Ал биыл Алтайдың ақиығы Оралхан Бөкейдің туғанына 75 жыл толуына орай «Қасқыр ұлыған түнде» новелласын сахналап, маусымды осы қойылыммен ашуды жөн көрдік. Жалпы, Оралхан Бөкейдің қай шығармасын алсақ та, өзектілігін жоғалтпайды. Осы әңгімесі өзіме керемет әсер етті. Жанрын лирикалық драма деп алып отырмыз. Бұл шығармасын сахнаға лайықтап жасау да оңай болмады. Дегенмен де, көрерменнің көңілінен шығуға тырыстық, – дейді режиссер Асыл Қозықановтың өзі. Бір рөлді үш актер ойнады Бір атап айтарлығы, қойылымда журналист Нұрланның рөлін үш бірдей актер (Еділ Мекенов, Еркебұлан Какимов, Елдос Мәсәлім) сомдайды. Мұны көпшілік көрермен қауымның бірі режиссердің жаңалығы десе, кейбірі қателік, жаңылғандық деп қабылдады. Десек те, режиссер бас кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалысты, ой ағынын, жүрек бұлқынысын осы үш актердің әрекеті арқылы жан-жақты ашып беруге тырысқаны анық. – Бір кейіпкерді үш актер сомдаймыз.

    Қойылымның басынан аяғына дейін үшеуіміз бірге жүреміз. Бір рөлді үш адам сомдау деген менің тәжірибемде алғаш рет болып отырғандықтан, мен үшін өте қызық болды. Бәріміздің мақсатымыз бір болғандықтан, неғұрлым бірімізге-біріміз көмектесуге, рөлді одан сайын жарқырата түсуге тырыстық. Шындығында да адамның жаратылысы кейде қызық қой. Өзіңді қанша жақсы білемін дегеніңмен, кейде өзіңді-өзің түсінбейтін кездер көп кездеседі. Бір адамның өзінде неше түрлі характер болады. Мен мұны режиссердің өте ұтымды шешімі дер едім. Режиссер осы арқылы кейіпкердің ішкі менін, жан дүниесіндегі арпалысты сәтті берді деп ойлаймын, – дейді бас кейіпкердің рөлін сомдаған актердің бірі Еркебұлан Какимов. Әрине, жас режиссердің мұндай экспериментке барғанын біз де құптаймыз. Асылдың екі-үш беттік дүниеден 45-50 минуттық қойылым жасауы да шеберлік дер едік. Бірақ қойылымның «әттеген-ай» дегізетін тұстарын да атап айтқымыз келеді. Өкінішке қарай қойылым лирикалық драмаға емес, комедияға көбірек келетін секілді. Режиссер жас журналистің басындағы желікпе ойларын суреттеуге көп акцент жасаған. Бір кейіпкерді сомдаған үш актерді де сол мақсатқа пайдаланған. Үшеуінің орынсыз қимыл-әрекеті кейде көрерменнің жүйкесіне тиетінін де жасырып керегі жоқ. Қойылымның атауының өзі «Қасқыр ұлыған түнде» деп аталғандықтан көрерменнің қараңғы түндегі қасқырдың ұлыған дауысын естігісі келгені де рас. Бірақ ол жоқ. Қысқасы, қойылымның ширататын, қайта қарайтын тұстары әлі баршылық секілді. Жалпы, театр маусымының ашылуының өзі үлкен мәдени оқиға ғой. Осы орайда биылғы 19-шы театр маусымының ашылуының өзіндік ерекшелігі болғанын да ерекше атап айтқымыз келеді. Ол – театр фойесінде жазушы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме мен викторинаның ұйымдастырылуы. Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған көрменің театрға келушілерге біраз мағлұматы көп болды. Іздеген адам көп ақпаратқа қанықты.

    – Оралханның атын арқалап жүрген кітапхана болғандықтан, жазушы мұрасын насихаттау біздің міндетіміз. Бүгінгі театр маусымының Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» қойылымымен ашылуы біз үшін де өте үлкен қуаныш. Біздің кітапханада Оралханның кеуде мүсіні де орнатылған, «Бөкей әлемі» деген ақпараттық сайтымыз да бар. Онда жазушы туралы барлық ақпараттар, мерзімді басылымдағы материалдар, фотосуреттер, жыл сайын өтетін О.Бөкей оқуларының жеңімпаздары жайлы ақпараттардың барлығы жинақталған. Қараша айында жазушының 75 жылдығына орай үлкен шара өткізбекпіз. Ол шара аясында мүшәйра өтіп, суретшілер байқауының қорытындысы шығарылмақ. Сондай-ақ жақында ғана көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық сайысы өтті, – дейді О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың өлкетану бөлімінің библиографы Б.Мұқиманова. Қонақтар белсенді болды Викториналық сауалдарға да театрсүйер қауым өте белсенді қатысты. Байқасақ, Оралхан Бөкей шығармашылығын қала тұрғындары мен қонақтары өте жақсы біледі екен. Қойылған сауалдарға дұрыс жауап берген көрермендер театр қойылымдарын тамашалауға тегін билеттерді ұтып алып жатты. Мысалы, жүргізуші «Оралхан Бөкейдің бір шығармасынан үзінді оқыңыз» дегенде, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің 3-курс студенті Інжу Ілияс ойланбастан Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние» шығармасынан үзінді оқып берді. Сөйтсек, Інжу осы университеттегі «Шабыт» студенттер театрының мүшесі көрінеді. Ол былтыр Катонқарағай ауданында өткен Оралхан оқулары байқауында жүлделі екінші орынға ие болыпты. Жалпы, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры ұжымының репертуарында жазушы Оралхан Бөкейдің «Бес тиын», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мынау аппақ дүние» секілді драмалары бұрыннан бар болса, енді олардың қатарына «Қасқыр ұлыған түнде» қойылымы қосылды. Көрерменнің жүрегінің пернесін дөп басатын қойылымның қашан да ғұмыры ұзақ болатыны сөзсіз. Бұл қойылымның да көрермен іздеп жүріп тамашалайтын қойылым болатынына сенгіміз келеді.

    Мейрамтай Иманғали

    Иманғали, М. «Қасқыр ұлыған түнде» [Мәтін] : [Облыстық драмтеатрда О. Бөкейдің драмасы қойылды.] / М. Иманғали // Дидар. — 2018. — 4 қазан. — Б. 12.

  • Оралханның драматургиясы

     

    Оралхан Бөкей!

    Талант табиғатына үңілген сайын суреткердің драматург ретіндегі қолтаңбасы осы жазушылығының тасасында көмескіленіп қала береді. Ауызға да, қаламға да тым-тым сирек ілінеді. Тіпті, сонау жетпісінші жылдары үлкен аншлагпен өтіп, залға ине шаншар орын қалдырмаған «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес» сынды қойылымдарының ғұмыры да өзі өмірден өткен соң шорт үзілген. Одан бері де, міне, тұп-тура 20 жыл өтіпті. Аз уақыт емес. Өзге автордың инсценировкасымен жалғыз ғана «Атау кересі» сахналанды. Біздің намысымызды қамшылаған бір әріптесіміздің: «Оралхан Бөкей драматург пе? Оның пьеса жазатынын білмейді екенмін, алғаш естіп тұрмын», – деген тосын сауалы болды. Сосын Оралханның осы қырына үңілгіміз келді. Қаламгердің замандастары – жазушы, драматург Дулат Исабеков, белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай, Астана қаласы Жастар театрының бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай және М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов ой-талқымыздың көрігін қыздырды.

    – Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі қиын­шылық пен кедергіге толы жолының да, көрермен қошеметіне бөленген жұлдызды ша­ғының да тірі куәгерлерісіздер: біріңіз қойы­лымын сахналасаңыздар, екіншіңіз кейіпкері болдыңыз. Енді біріңіз сын айтсаңыз, ке­лесіңіз әріптес, дос ретінде шығар­ма­шы­лы­ғына қолдау білдірдіңіз. Сонымен, Оралхан Бөкей қандай драматург еді?

    Әшірбек Сығай: – Оралхан драматургияға шаң­ғы­тып, шаңқып шық­қан алғашқы ағаларымыздың бірі. Сонау 1974 жы­лы режиссер Қадыр Жетпісбаев сах­­налаған, бас­ты рөлдерді біздің Фарида Шә­рі­пова, Әнуар Мол­дабеков, Гүлжан Әспетова, Құман Тас­тан­бе­ковтер ойнаған «Құлыным менің» қойы­лымы сол кездегі қазақ сахнасындағы жаңалық бол­ды. Актерлер қандай фурор жасады! Ортаны дүр сіл­кін­дірді. Өзі де мойындайтын шығар, Оралхан сахнаға ал­ғаш қадам басқан кезде мына Дүкең (Ду­лат Иса­беков – авт.) драматургияда жоқтұ­ғын.

    Дулат Исабеков: – Оның рас, Әшірбек. Бірде Оралхан маған: «Әй, Дулат, неғып жүрсің? Сен де пье­са жазсаңшы!», – деді оқыстан. «Қой, мен жаза алмаймын. Осы про­заның өзімен қалт-құлт етіп әзер жүргенде, қай­да­ғы пьеса? Драматургияның исі, тіпті, мұрныма да бармайды», – деп, үзілді-ке­сіл­­ді қарсы шықтым. Ол болса: «Сенің шығар­ма­ла­рыңның бәрі дра­матур­гияға сұранып тұр, тым болмағанда біреуін пьесаға айналдырып көрсеңші», – деп, мені үгіттей бастады. Шынында да, кейін ой­ланып-ойланып, алғашқы пьесамды жаздым. Ол бір­ден Мәскеуде қабылданып кетті. Жұрттан бұрын оған Оралхан қуанды. Бұл жерде мен өзімді мақ­тайын деп отырған жоқпын, Оралханның түрткісімен бі­рінші пьеса жазғанымды айтамын. Жалпы, Оралхан драматургия жанрында көп жазған жоқ қой. Не­гізгі шығармаларының бар­лығы сол инс­це­ни­ров­ка­лардың негізінде қалды. Режиссер Мең Доң Ук қойған «Қар қызы» сахнаға романтиканы, си­қыр­лы бір тақырыпты алып келді. «Текетіресі» бол­са, репертуарда ұзақ тұрақтап тұра алмады, бар болғаны бір-ақ маусым жүрді де, тоқтап қалды. Оқиға жасай алмады. Ал, «Құлыным менің» тек қана қа­зақ драматургиясы емес, Кеңес драма­тур­гия­сындағы оқиға болды. Алғаш болып «Театр» жур­на­лы басты. Басып қана қоймай, спектакльден ті­ке­лей репортаж жасап, редакциясының өзінде үлкен пі­кірталас өткізді. Бұл – қазақ театр өнеріне ар­нал­ған бірінші «Дөңгелек үстел» болды. Ол кезде «Театр» журналына басу деген түсімізге де кір­мейтін. Сенсация! Осыған қуандық. Жалпы, біз­дің ел­де қуандық деп кейіннен айтады, ал сол кез­де ешкім қуанбайды. Қуанышымыздан көре ал­мау­шы­­лық сезіміміз басым.

    Әшірбек Сығай: – Әрине, оған алғашқы сүрлеу оңай болмады, жолы ауыр болды. Академиялық сахна жас авторға «күткеніміз сен едің, келе ғой» деп құшағын айқара ашқан жоқ. Мен мұны ашық айтайын, әсіресе, есімі елге белгілі ақсақал дра­матургтеріміз өзінен басқаның сахнаға беттеуін жақ­тырған жоқ. Сол аты белгілі қазіргі әдебие­тіміз­дің тарихына алын­ған кісілер Орталық Комитетке дейін барып, жыбырлап, сыбырлап, күбірлеп, жолын бекіткісі келді. «Түн жарымында гитара ұс­тап, жұрттың тыныштығын бұзатын бұл не желпініс? Саяжай дегенді қайдан тапқан? Шолақ шалбар киген кейіпкерлерден жастар қандай тәрбие алады? Түсініксіз әуендер, желікпе сезімдер көрерменге кері ықпалын тигі­зеді, бұл біздің драматургияға жат» – деп өре тү­регелді. Барлығы лап қойды. Несін жа­сырайын, сонда мен Оралханның солқылдап жылағанын көрдім. Оның үстіне, есіне өзінің пер­зентсіз жүр­ген­дігі түсті ме, «Қай жағынан болса да сорым ашыл­­маған бір сорлы екенмін» – деп түңіл­гені бар. Әбден ыза бол­ды. Ашуланбай қайтсін, пьесасын үш-төрт рет ұсын­ды, сонша рет өткізбей тастады. Қазір ол кісі­лер де қайтыс болып кетті. Содан кейін іле жас­тарға жол ашылды. Өз буы­нының ішінде дра­матур­гияның қасаң шекарасын бұзып, жаңа леппен екпіндете, құйындата, құйғыта келген осы Оралхан болатын. 1975 жылдары қа­тарға Дүкең – Дулат Исабеков қосылды. Іле ортаны Рол­лан Сейсенбаев, Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұ­қайлар толтырды. Драматургиядағы жастық жа­лынға, жаңалыққа толы жылдар басталды да кет­ті.

    Дулат Исабеков: – Режиссерлердің келіп қа­тыс­қа­ны, өте дұрыс болған екен. Әйтпесе, біз ай­тып-айтып кетеміз. Бірақ ол нақты мамандардың қо­лына барып түс­пегеннен кейін, сөз күйінде ай­тылған жерінде қа­ла­­ды ғой. Ол кезде жап-жас жі­гіттің пьесасы «әкем­­театрдың» сахнасында қойылу де­ген қиял-ғажайыптай көрінетін еді. Мұхаң, Ға­бең, Сәбеңдер тұрғанда біздің драматургия туралы ой­лауымыздың өзі әбестік, әлін білмеген арыс­тан­ның айға шапқа­нындай болатын. Енді қалайша, қабырғалы қа­лам­геріміз Ғабиден Мұстафиннің өзін клас­сиктігіне қарамай, «Түнгі қонағын» әзер қойып жатса? Ғабең­нің қасында біз кімбіз? Бірақ ба­қытымызға орай, қателесіппіз. Ақыры, Оралхан жеңді. Пьеса сахналанатын болды. Үлкен-кіші: жасы да, жасамысы да, орта буыны да – барлы­ғымыз барып көрдік. Спектакльден соң қызу тал­қылау басталды да кетті. Талқылауда мақтаудан гөрі, сенімсіздік пен күмән басым болды. «Найзағай түскенде адам қалай аман қалады?», «Алдына тұра қалып адамды мыл­тықтан құтқарып қалу мүмкін, бірақ найзағайдан құтқару дегені қисынсыз, шын­дыққа жанасымсыз» – деген сыни пікірлер көп ай­тылды. Әдеттегі стандартты сюжеттерден ада, сол қалыптан шыққан, жастардың тілінде үн қата­тын спектакльдері біздің буын үшін кәдімгідей жаңалық болды. Өйткені, біз сахнадан өз өмірімізді көрдік.

    – Оралхан Бөкей пьесаларының сахналанбай кетуінің себебі – бүгінгі режиссерлердің қиялы жетпейді деумен түсіндіріліп жүр. Бұл пікірге ке­лісесіздер ме?

    Әшірбек Сығай: – Қиялы жетпейді деуге болмайды. Шекспирді де қойып жатыр ғой қазақ сах­насы. Қояды. Бірақ, әрине, Оралханның стилі өзге­ше. Оны мойындауымыз керек. «Стиль – жазу­шының өзі» деп Пуш­киннің айтатыны бар ғой. Қан­дай керемет талант болғанымен де, адам өзінің қалпынан, өзінің жүрегінің айтқанынан шыға алмайды. Әрқайсы өз деңгейінде, шама-шарқынша жазады. Сондықтан Оралханды түсінуге мына отыр­ған Нұрқанат пен Әубәкірдің де шамасы же­теді. Екеуі де қойып көрген. Тек еңбектену керек. Орал­ханның пьесалары әлі-ақ туады, әлі-ақ көрер­ме­німен қауышады. Біз оған сенеміз. Мәселен, Нұр­қанат «Атау керені» қандай жақсы қойды. Оқи­ғаны ой мен философияға құрып, суреткер ойын ұтқыр жеткізе алған. Нүрке кемпір рөлін Роза Әшір­бекова қалай керемет ойнап шықты! Ғажап образ жасады. Кейде: «Бізде ойланатын, психологиялық об­раз жоқ» деп дабыл қағатынымыз бар? Ал, сол психологиялық образды көруге дайынбыз ба? Осы жө­нінде ойланбаймыз. Драматург бірыңғай эстрада жаза бермейді ғой, ол да ойланады, толғанады. Әуелі өз жүрегінен өткізіп барып, өзге жүректерге «жол­дама» береді. Соны қабылдап алу бізде – кө­рермендерде жет­кі­лік­сіз. Ылғи жеңіл-желпі, жарқ-жұрқ еткен жыл­тырақ дүниелер болса екен, ойнап-күліп қайтсақ екен деп тұрады. Бәлкім, кейбір дра­ма­тург­тердің ойлы шығармаларының сахнадан үзіліп қалға­нының бір түйткілі осында жатқан да шы­ғар, мүмкін басқа да себебі болуы ғажап емес. Әй­теуір, Орал­хан­ның сахналанбай, көрерменінен алыс­тап кеткені рас.

    Әубәкір Рахимов: – «Текетіресті» мен 1979 жылы қой­дым. Мәскеу­де диплом жұмысын қорғауым ке­рек болып, Райым­бек Сейтметов ағамыздың ұсынысымен осы спектакльді сахналауға дайындалдым. Жаңа ой туа қалса, бірден Орекеңе хабарласып, пікірін білемін. Мәселен, драмадағы Дел­құлы бейнесі «Мұз­тау» шығармасындағы Асан шал­дың бейнесі­мен астасады ғой. Оны автор пьесада жағымсыз кейіпкер етіп алыпты. Ал, мен Дел­құлыға филосо­фи­ялық қырынан келдім. Бұл ойым Оралханға бір­ден ұнады.

    Әшірбек Сығай: – Делқұлы бейнесін марқұм Ес­­­бол­ған Жайсаң­баев кейіптеді ғой, ұмытпа­сам…

    Әубәкір Рахимов: – Иә, Есболған өте сәтті орын­дап шықты. Сөй­тіп, спектакльдің де көрер­ме­німен қауышатын кезі келді. Ол уақытта Мәдениет министрлігінен, Орта­лық Комитеттен адамдар келіп, сарапқа салатын, артық-кем тұстарын түзеп-күзеп сүзгіден өткізетін. Содан не керек, қойылым талқыланды да, бірауыз­дан қабылданды. Бірақ сахнада бір маусым ғана жүрді. Театр жаңа ғи­маратқа көшкенде декора­ция­мыздың барлығы шағылып, спектакль тоқтап қал­ды. Бұл – бірінші се­бебі. Келесі бір жағы, Орал­хан­ның шығармасында ұлттық рухқа қатысты мә­­се­­­лелер көп болатын. Шет­елге кеткен қазақ­тардың да мұң-мұқтажы кө­терілетін. Міне, осының барлығы біздің басшы­ла­ры­мыздың үрейін тудырды. Сол қорқыныш та Орал­ханның көп шығарма­сының жолын кесті. Мә­селен, «Зымырайды поездарын» автордың өзі театр­ға алып келген, сахнада берілу тәсілдері жө­нін­де ұзақ сөйлесіп, пьеса сюжеттерін талқыластық. Кейін оны режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәм­бетовке әкеліп, оқиғасымен та­ныстырғанымда: «Тағы да шетелге қашқан қазақ туралы ма, қажет емес» – деп, бірден өзінің қарсы­лы­ғын білдірді. Со­ны­мен, «Зымырайды поездар» мүлдем сахна көр­мей, тартпада жатып қалды.

    Нұрқанат Жақыпбай: – Оралханның драматур­гия­­сы «Құлыным ме­ніңнен» басталды ғой. Ол біздің жастық шағы­мыз­бен тұспа-тұс келген кезең. Сонда «Құлыным ме­нің» қанша рет қойылса, сонша рет театрға ке­ле­­тінбіз, жалықпайтынбыз. Қойылымның біздің жа­нымызға жақын болғаны соншалық, бар мұ­ңы­мыз бен еркелігімізді көтере алатын да осы спектакль сияқтанып тұратын. Кейінірек кәріс ре­жис­сері Мең Доң Уктің режиссерлігімен «Қар қы­зы» сахналанатын болды. Әуелде Нұржан деген жал­ғыз-ақ кейіпкер болатын. Соңғы нұсқасында Оралхан Нұржанды Бақытжан, Аманжан, Нұржан есімді үш кейіпкер етіп шығарды. Маған бұйырғаны Ба­қытжан рөлі болды. Нұржан мен Аманжанды ойнау міндеті Досхан Жолжақсынов пен Алтынбек Кенжековке жүктелді. Қар қызын Шолпан Сірге­баева ойнады. Ал, Қоңқай шалдың бейнесі Қасым Жәкібаевтің нұсқалауында қазақ сахнасындағы жаңалық кейіпкер болды. Тынбай ізденудің арқа­сында спектакль сондай ұтымды шықты. Сонда бір таңқалғаным, спектакль сахнада қанша рет ойналса, Оралхан сонша рет өзі қатысып, қойылымның бел ортасында жүретін. Артық-кем тұсын айтып, актерлер ойыны жайындағы өз пікірімен үнемі бө­лісіп отыратын. Біздің актерлік ансамбліміз де қы­зық еді. Әр қойылым сайын бір-бірімізге айтпай, өзі­мізше іштей дайындалып келеміз де, сахнадағы серігімізді тығырыққа тірейміз. Алтынбек нұсқалай­тын кейіпкер – Нұржанды үсік шалып, әл үстінде жататын тұсы бар. Сонда Досхан екеуміз Алтынбек-Нұржанның үсті-басын ысқылап, қармен уқалай бастаймыз. Ол болса, біздің алдағы уақытта не істе­мек ойымыздан бейхабар. Арпалысқан болып жүріп, Алтынбектің киімдерін шеше бастадық. Шешіндіре келе, шалбарына келген тұста Алтынбек шындап саса бастады. Бірінші пландағы актер ғой. Не істерін білмей, амалсыз қалып: «Қоя қойың­дар, шыққаннан кейін айтқандарыңды орындаймын» – деп, енді жалынуға көшті. Залда отырған Ор-ағаңның кеңкілдеп күлген даусы шығып жатыр. Осы эпизод Орекеңе сұмдық ұнады. Ол кездің адамдары да, мәдениеті де бөлек еді ғой. Бірі-бірінің жетістігіне шын қуанып, шын тілеулес бола алатын. Оралхан, Сағат, Баққожалардың барлығы сондай жандар еді. Спектакль қойылғаннан кейін, таң атқанша той болатын, түні бойы қыдыра­тын­быз.

    Дулат Исабеков: – Иә, ол кездердің қызығын сөз­бен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір барлығын сағынамын. Оралхан екеуміз шығармашылық үйінде бірге дем­алатынбыз. Сонда жатып алып, шығармалары­мызды жарыса жазатынбыз. Әр ісіне сақадай сай, уақытымен жүретін Оралхан түскі ас уақытында мені ерте кету үшін бөлмеме соққанда, міндетті түрде жазғанымды көріп кететін. Мойнын созып үстел үстіндегі дәптеріме көз жүгіртеді де: «Мәсса­ған, сен жеті-сегіз бет жазып тастапсың ғой. Қой, онда мен түскі асқа сенімен бірге бара алмаймын, жазу жазамын» – деп қалжыңдаушы еді. Достардың сондай әзілін де сағынасың. Менің бір байқағаным, әдебиетке жарыс, бәсеке керек екен. Егер хас тұлпарды жалғыз өзін жіберсе, ол жүйрік­тігін таныта алмайды. Ал қасыңда қапталдас адам келе жат­қанда, сен де одан қалмауға, осалдығыңды таныт­пауға тырысып, бар мүмкіндігіңді сол бәсе­кедегі белесің, жеңісің, жетістігің үшін сарп етесің. Шығармашылық деген сол. Біздің буынның бақыты, бәл­кім, осы шығар… Оралхандардай үзеңгілес, бә­се­келес достарымыз болды. Енді міне, Оралхан кет­кеннен кейін өзіммен-өзім жарысып жүрмін (күр­сініп алды).

    Әшірбек Сығай: – Менің де есіме бір оқиға түсіп отыр. Дүниеден өтетін жылы қаңтар айында Тал­дықорған театры «Құлыным менің» драмасын қой­ды. Мұны жақсы білетінім – мен онда министрдің бірін­ші орынбаса­ры болдым, ал Оралхан – «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы. «Құлыным менің» қойылғалы жатыр, Әшірбек. Талдықорғанға бірге ба­рып қайтайықшы» – деп, мені ертіп әкетті. Режис­сері – Оразбек Сәр­сенбай. Уақытымның тығызды­ғына қарамастан, Оралханның көңілі үшін сапарға дайындалдым. Сары аяз, қақаған қаңтарда қа­сы­мыз­да Сайлаубек Пернебаев деген фотограф жі­гіт бар – үшеуміз жолға шықтық. Бара жатқанда ақ ұлпа қар, аунап-қунап көңілді жеттік. Оралханның мі­незінің өзі қылт етпе, қыңыр еді ғой. Барып, спек­такльді көрді де, қылт ете қалды. Яғни қойылым көңі­лінен шықпады. Қайтқанша қабағы бір ашыл­ған жоқ. «Өзің сөйлей бер, мен талқылауына қатыс­пай­мын» – деп, ақыры спектакльден соңғы жина­лыс­қа келмеді. Сол күйі сөйлемей жүрді де алды. Қайтар жолда да менімен келіспей қалған адамдай, жеткенше үндемей келді. Бұл біздің – Оралхан екеу­міздің соңғы сапарымыз болыпты. Дра­ма­тургиялық белесін менің көз алдымда «Құлыным меніңмен» бастап, дәл сол қойылымының келесі премьерасына қатысып, қайтыс болды.

    – Мұхтар Мағауиннің «Жармағын» қазақ про­за­­сын­дағы жаңалыққа балап жүрміз. Бірақ «Жар­­мақ­қа» дейін сонау 70 жылдары бұл тәсілді Оралхан Бө­кей әлдеқашан қолданған. Мәселен, «Қар қы­зындағы» Нұржан бейнесінің бірнешеге жарылуы немесе «Текетірес» пьесасындағы – Ақ­тан 1, Ақтан 2 бейнелері. Суреткердің осы сын­ды жазу өнеріне әкелген жаңалықтарына тоқтал­саңыздар…

    Дулат Исабеков: – Оның жазудағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамай­тын ерекше еді. Жалпы, Оралхан­ның өмірден ерте кетуінің өзі қазақ әдебиетіндегі фи­лософиялық романтиканың жойылуына әкеліп соқ­ты. Сим­вол­дық ойнату тәсілдері орыс әде­бие­тінің поэзиясында болмаса, драматургиясында бо­ла қойған жоқ. Міне, Брюсов, Блок, Есенин, Баль­монттардың өлең­дегі сол өрнегін бірінші болып драматургияда да­ралаған да осы Оралханның өзі болатын. Оны біз кейіннен постмодернизм деп жүрміз. Керек де­сеңіз, Оралхан сол постмо­дер­низміңіздің клас­сикалық үлгісін салып беріп кетті. Қа­зақ прозасына тыңнан түрен түре келді. Алға­шын­да мұны жұрт­тың түсінбеуі заңды да еді. Өйт­кені, қашан да кез келген жаңалық, кез келген ағым мін­детті түрде екіұдай пікір тудырады. Біреу қол­дай­ды, біреу қарсылық білдіреді дегендей. Оқыс ой­лау, оқыс айту, оқыс бұрылу, оқыс финал, бүгінгі өмір­ді жазып отырса да, өз ортасына ұқсамайтын оқ­шау мінез-құ­лықты кескіндеу – мұның барлығы да Оралханға тән болатын. Мәселен, шолақ шалбар киген шалды әлі күнге дейін сирек көреміз. Оралхан сахнаға сондай тосын бейне, образдарды алып шы­ғатын.

    Әшірбек Сығай: – Шынымен де, «Текетірестегі» Ақтан 1, Ақтан 2 бейнелері қандай керемет! Бір кейіп­кердің екіге жа­рылып, ақ пен қараны, жақсылық пен жаман­дық­ты, ізгілік пен зұлымдықты, адалдық пен арам­дықты текетірестіруі. Бұл жаңа­лық па, жаңалық емес пе? Әрине, жаңалық! Бір кейіп­кердің екіге бө­лінуін қазақ әдебиеті мен дра­матургиясында 70 жыл­дың басында-ақ Оралхан бастап кеткен. Оны қазір лайлап, батпақтап жүр. Сахна көрмей кеткен мына «Зымырайды поездарын» айтсаңызшы! Шал­дың образы, оның шегініс арқылы берілетін ойларымен қандай проблемалар айтылады. Көтеретін мәселелері де өте өзекті. Егер сахналанса, тұшым­ды дүние шығар еді. Бастысы, қалыпқа түскен с­тан­дарт қойылымдардың бірі емес, өзіндік ой, өзіндік ізденісі бар. Бір өкініштісі, кезінде лайықты бағасын алмай, автордың порт­фелінде ұзағырақ жатып қалғандығы. Оралхан, не­гізінде, проблема қоюға, тартысты материал жа­сауға, шынайы, шыншыл кейіпкер сомдауға құштар еді. Қаһарман­да­рының барынша қаны тулап, қайратқа мол болып жатуын қалайтын қа­лам­гер философиялық өреге ұмтылып, қажымас, қайт­пас жандардың кескінін жасауға құмар болды. «Құлыным менің» сол кездегі жас драматургтің сахна өнерін меңгерудегі өзгеше талантын бай­қататын. «Текетіресіндегі» өзіне тән философиялық соны ойлары мен дүниетанудағы та­ным ауқым­ды­лығы арқылы жұртшылық жүрегіне жол тапты. Кейіп­керлері де әдеттегі драмалық кейіп­­керлерге ұқсай бермейтін. Мәселен, Орал­хан­­ның Делқұлы, Жұ­мбақ адамы, Мылқау кемпірі өза­ра дараланып қана қоймай, оның форма ретін­де қолданған алты көріністен тұратын ұтымды ше­­гі­ністері шығарманың реалистік күшін, сим­вол­дық құнын өткірлендіре түсетін тапқыр шешім­дер.

    Әубәкір Рахимов: – Оралханды көпшілік түсін­бе­ді деп бірден кесіп-пішіп айту қиын. Түсінді. Бірақ бәрінің бойында бір үрей болды. Автордың астар, тұспалмен жет­кізген ащы шындығының әшкере бол­уынан қорықты. «Егер біз бұған еркіндік берсек, ке­йінгі ұрпақ не болады, үкімет саясатында қалай бе­дер­ленеді?» деген сауалдар да осыған алып кел­ді. Бі­рақ қалай десек те, Орекең әдебиеттің қай саласында болмасын өзінің беретінін беріп кеткен қа­ламгер. Оның драматургияға араласуының өзі осыны аңғартады. Мысалы, өздеріңіз жақсы біле­тін «Жылымық» деген әңгімесінен кейін «Жанар» деген атпен екі актілі пьеса жасады. Осы шы­ғар­масы біздің студенттер арасында жиі қойыл­ды. Жа­қында ғана Оралханның «Жесірлер» әңгі­месі бойынша студенттеріммен дипломдық спектакль қойдым. Инсценировкасын да өздері жа­­сады. Тәп-тәуір дүние шықты.

    Әшірбек Сығай: – Оралхан шығармаларында кең­­дік бар. Оқиға аясын шектемейді. Қайта кейіп­керлер арасындағы қым-қуыт тірлік, мәселелердің бар­лығын үлкейтіп, ірілендіріп береді. Сирек кез­десетін детальдардың өзін шындыққа балап, соны­сына сендірмей қой­майды. Міне, оның символистігі де, сұңғылалығы да осында жатыр.

    Дулат Исабеков: – Шынымен де, Оралхан тосын тәсіл, жаңашыл­дық­қа құмар еді. Ешкімді қай­та­ламайтын. Сұлу қызды боранды түні қасқыр жеп кететін «Қасқыр ұлы­ған түнде» мен «Аспирант қыз­дың тракторшы жі­гіті» аталар әңгімелерінің өзі қан­дай керемет. Конт­раст қой. Оралханда бәрі конт­расқа құры­ла­тын.

    Әубәкір Рахимов: – Сонымен қатар, Оралхан өз шығарма­шылы­ғында халқымыздың басынан өткен ауырт­пашы­лықты ашып айтып, шетелге кеткен қазақ­тар­дың бәрін жау, қашқын деп жазықсыз жазғырып жүр­ген қасаң түсінігімізді жоққа шығару жолында тер төкті. Оған дейін шетел асып кеткен қандас­та­ры­мыздың трагедиясына ешқайсымыз көңіл бөлген жоқпыз, олардың кету себебін ашуға, салдарына үңілуге тырыспадық. Тек Мұхтар Әуезов алғаш 1928 жылы ашамын деп талпыныс жа­са­ғанымен, өзінің де істі болғанын жақсы білесіздер. Мұхаңнан соң бұл тақырыпқа келген Оралхан аға­мыз. Ол «Текетіресте» де бар – Ақтанның әкесімен кез­де­сетін жері. Жалпы, Оралханның шығар­ма­сын­да шетелге кеткен, Алтай асқан, Моңғолия, Қы­тайды мекен еткен қазақтардың барлығы мін­детті түрде өзінің туған жеріне өлер алдында бір келіп кетеді. Бірақ туған жердің топырағы бұйырмай қалады. Бұл – бір жағынан символдық образ бол­ғанымен, екінші жағынан қазақтың рухы. Қа­зақтың қа­зақтығын, елдігін білдіретін, Отан, жер деген ұғым­дарды көтеретін тақырып. Бөкеев шығар­мала­рының қай заманда да өлмейтін, өшпейтін тағдыр, сұраныс табуының сыры – оның символдық астарында жатыр. Себебі, Оралхан ешбір шығар­ма­сында нақты уақытты алып көрген жоқ. Сон­дық­тан қанша ұрпақ ауысса да, әр буын сол туындының өн бойынан өз заманының проблемасын, қым-қуыт қайшылығын таба алады.

    Дулат Исабеков: – Бүгінде Оралханды кейінгі буын драматург ре­тінде танымай жатса, ол – Оралхан драматур­гия­сының соңғы жылдары сахна көр­мей кетуінің салдары болуы керек деп ойлаймын. Қос бірдей режиссер отыр ғой. Шынында да, биыл Оралханның 70 жыл­дығы. Соған орай, нақты ту­ған күніне үлгер­месеңдер де, жылдығына үлгеріп қойып жіберсең­дер, дұрыс болар еді. Несі бар? «Құ­лыным меніңі» де, «Қар қызы» да өз өзектілігін титтей де жойған жоқ. Жаңа буын, жаңа құраммен жаңаша қойып шық­са, қазақ сахнасындағы үлкен жаңалық болар еді.

    Нұрқанат Жақыпбай: – «Атау керені» сахнала­уым­ның өзі бір қуаныш, бір мұңға толтырады кеу­демді. «Атау кере» повесінің жаңадан шығып, ата­ғының дүркіреп тұрған шағы болатын. Шығармамен танысқаннан кейін, бірден повестен пьеса жасау ойы сап ете қалды. Бірақ бата алмай, ойланып ұзақ жүріп қалдым. Арада тіпті, бірнеше жыл өтіп кетті. Бір күні шыдай алмадым. Оралханға бардым. Ол кезде Орекең «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болатын. Ғи­ма­раттың үшінші қабатына көтеріліп, есікті ақы­рын ашып қарасам, іздеген ада­мым төрде отыр екен. Құшағын айқара ашып, қуана қарсы алды. «Бір режиссердің іздеп келетінін біліп едім», – деді салған беттен. Мен де алыстан орағытпай, бірден іске көштім. Келген шаруамды, «Атау керені» спектакль етіп қойғым келетінін айттым. Өзі де не үшін келгенімді сезіп отыр екен, бір­ден қуана қолдай кетті. Екеуміз «Атау кере» жа­йын ақылдастық. Бір уақытта отырды да: «Сен пье­саны қоя тұр, алдымен кино түсірейікші», – деді. Сөйтсем, Орекеңнің ойы – «Атау керенің» желісімен кино түсіру екен. Театр режиссері екенімді айтып өз қарсылығымды біл­діріп едім, бекер болып шық­ты. Соңында киноны да түсіріп, спектакльді де сах­налайтын болып ке­ліс­тік. Дәл сол уақытта Оре­кеңнің Үндістанға іс-са­пармен кетіп бара жатуы сал­дарынан жоспарды сәл кейін шегеруге тура кел­ді. Бірақ амал қанша, сол сапарынан Оралхан орал­мады. Кейінірек «Атау керені» Мұхамедия Ах­мет­тің инсценировкасында сахналадым. Өзектегі жал­ғыз ғана өкініш – сонша армандаған «Атау ке­ре­сін» сахнадан көре алмауы болды.

    – Сахнадан көрмек түгілі, бұл өмірде барынан бей­хабар және бір пьеса бар. «Шыңғыс-хан» деп ата­лады. Оны қаламгер дәл осы кездесуде, Нұр­қа­нат аға, өзіңізге аманат етіп тас­тап кетіпті, солай емес пе?

    Нұрқанат Жақыпбай: – Иә, ол рас. Кино жайын ақылдасып, енді кетуге ыңғайлана бергенде: «Қа­нат­жан, сәл кідіре тұршы», – деп мені тоқтатып ал­ды. Қағаздары аса ұқыптылықпен қаз-қатар қойы­лып, жиыстырылған тартпасының ішінен бір пап­каны алып шықты да: «Бұл – пьеса. Шыңғысхан туралы. Кезінде қаржы­дан таршылық көріп қалып, таза материалдық қажеттілік үшін жазып шығып едім. Жазып болған соң, өткізіп, тиесілі ақшамды алдым да. Бірақ уақыт өте келе ойландым да, пьесамды «өңдеймін» деп қайтып алдым. Мынау – сын сүзгісінен өтіп, толық­тай өңделген нұсқасы. Шыңғысхан жайында айтылмай жүрген жоқ. Алайда, мұның оқиғасы бөлек. Көп іздендім. Әбден тексерілген деректер мен бұлтартпас дәйектердің негізінде жазылған. Мен оралғанша мұқият оқып шығып, өз пікіріңді дайындап қойшы. Келген соң асықпай отырып әңгіме­лесеміз», – деді де, пьеса салынған папканың бауын шешпестен менің қолыма ұстатып, шығарып салды. Үйге келе сала ашып қарасам, машинкамен терілген жазудың үстінен өзінің маржандай әдемі жазуымен қайтадан түзеп, өңдеген сиясы кеуіп үлгермеген жаңа пьесаның қолжазба күйіндегі нұсқасы екен. Маған пьеса бірден ұнады. Бірақ біз Орекеңнің өзі уәде бергеніндей, асықпай отырып әңгімелесе алмадық, папкасын да қайтарып алуға ажал үлгертпеді…

    Әшірбек Сығай: – Қазір пьеса қайда? Өзіңде ме?

    Нұрқанат Жақыпбай: – Иә, ол пьеса менде сақтаулы.

    Әшірбек Сығай: – Енді неге үнсіз жүрсіңдер? Оралханның о дүниелік болғанына да 20 жыл болды. Мына 70 жылдығының қарсаңында сахналап, халқымен қауыштырмайсыңдар ма? Қалай дегенмен, аманат қой…

    Нұрқанат Жақыпбай: – Ылғи қояйын деп ойлаймын да, мүмкін Оралхан­ның ойлағанындай сахналауға әлі жеткен жоқ шығармын, атүсті кетіп қалармын деп өзімді-өзім тежеп, батпай жүрмін.

    Дулат Исабеков: – Алғаш рет естіп отырмыз. Енді пьесаның жағдайы қандай? Нәтиже шығатын түрі бар ма?

    Нұрқанат Жақыпбай: – Әрине. Алдағы уақытта міндетті түрде шығарамын. Ол бір терең философияға құрылған дүние ғой, астарында үлкен ой жатыр. Соны кеңірек игерсем деймін. Алдағы уақытта «Кербұғысын» сахналасам деп жүрмін. Содан кейін міндетті түрде «Шыңғысханмен» айналысатын боламын.

    Әубәкір Рахимов: – Орайы келіп тұрғанда, осы жерде бір ұсыныс айта кетсем деймін. Өткенде Өскеменге гастрольге барғанда да басшыларға ұсыныс айтып, мәселе көтерген болатынбыз. Өскеменнің қазақ және орыс театры бірігіп, қазір Жамбыл атымен аталады. Қазақ көрерменіне арналып жаңа театр ғимараты салынып жатыр. Құрылыс жұмысы біте салысымен, қазақ театры еншісін алып, жаңа ғимаратқа көшеді. Сондықтан бөлек шыққалы жатқан өнер ордасына Оралхан Бөкей есімін берсе бек жақсы болар еді. Өйткені, қалай дегенмен, Оралханның барлық шығармасы сол туған өлкесі – Алтай өңі­ріне арналған ғой. Сондықтан тек Шығыс Қазақстан өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ еліне еңбегі сіңген, стилі, қарымы бөлек жазушы ретінде, өзіндік жолы бар адам, бастысы Алаштың бір азаматы ретінде Өскемен театрын Оралхан есімімен атау артық болмайды деп ойлаймыз.

    Әшірбек Сығай: – Тіпті, театр болмаса да, облыстық кітапхана, Мәдениет үйлері бар. Солардың бірін Оралханның атымен атау керек. Бар саналы ғұмырын жазуға арнаған қаламгер адам ғой, бұл құрметке әбден лайық. Әубәкір мәселені дұрыс көтеріп отыр. Жал­ғыз Оралхан емес, Қапан Бадыров, Әзірбайжан Мәмбетов, Қалтай Мұхамеджановтардың да еңбегі театрға бір кісідей сіңген. Өнердің нағыз корифейлері, театрдың титандары еді ғой. Сол арытарымыздың өзі атаусыз жатыр. Осы жағын ескеру керек.

    Бүгінгі тақырып орынды, жақсы көтеріліп отыр. Сондықтан айтып қана қоймай, нақты іске көшейік, режиссер мырзалар. Оралханның қай шығармасы да оқырманын, көрерменін сүлесоқ қалдырмайды, оның өзінің оқушысы, көрермені бар. Мәселен, сол Оралханның құрдасы мына Дүкеңнің 70 жылдығына орай арнайы фестиваль ұйымдастырылып, халықаралық деңгейде тойланды. Оралхан да сондай бір ұлымыз, азаматымыз ғой. 70 жылдығын еңбегіне сай лайықты атап өтуіміз керек, әрқайсымыз қолымыздан келгенше іс тындыруымыз қажет.

    «Дөңгелек үстелді» жүргізген
    Назерке Жұмабай.

     

    Жұмабай, Н. Оралханның драматургиясы / Н. Жұмабай // Қазақ әдебиеті. — 2013.- 24 мамыр. — Б. 10.

  • Айхан мен Айжан

    Айхан мен Айжан

    Оралханның ұрпағы

    Оралханның ұрпағы…Оралханның өмірде ең қатты күйзелгені — Аймен дүниеден өткені болса, қатты қуанғаны — Айхан мен Айжанның дүниеге келуі еді. Тұңғышы Айхан дүниеге келгенде, Оралхан екеуміз оған киім — кешекті дүкенге бірге барып алдық. Екінші әйелі Ардақпен жақын араластық. Екеуі жазушылардың шығармашылық үйінде танысқан екен. Ардақ сонда жұмыс істеген. Ол мені Оралханның бірге туғанындай көрді. Ардақ жас болды, екеуінің жас айырмашылығы жиырма жылдай. Екінші баласы Айжан туылғанда, мен оның кіндік шешесі болдым. Бірақ Оралхан өмірден өткен соң, Ардақ бізден алыстап кетті. Арамызда ешқандай реніш болмаған. Осы биыл Оралханның 70-жылдығында көретін шығармын деп отырмын. Ел айтып жүргендей, Ардақ екінші рет тұрмысқа шықпаған. Оралханның балаларын орысша оқытыпты. Екеуі де қазір есейген…

    Нұрсара Бақыжанқызы.

    Бақыжанқызы, Н. Қатонқарағайда — сыныптасым, Алматыда — сырласым [Мәтін]: / Н. Бақыжанқызы; сұхб. Ж. Нармаханова // Ақ желкен. — 2013. — № 5. — Б. 18-21.

  • Оралхан Бөкей

    Оралхан Бөкей

    Оралхан сұрапыл соғыстың отты жылдарында, 1943 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келді. Бөкей Оралға еңбек майданына аттанғанда, Оралхан іште қалған нәресте еді. Оралдағы еңбек майданында жүрген әкесі аман келсін деген ниетпен, дүниеге келген нәрестеге Оралхан деген ат қойылады. Ниет қабыл болып, әкесі аман-есен оралады.

       Оралханның әдебиетке бейімдігі оқушы кезінде-ақ көріне бастаған. Ол әдеби кітаптарды өте көп оқып, бейнелеп, шешен сөйлеуге бейім, жүріс-тұрысы тиянақты, өзгелерге сын көзбен қарайтын, қауып та тауып та сөйлейтін, көпшіл болған. Осындай ерекшелігін байқаған ұстаздары оқушылардың комсомол комитетінің хатшысы, қабырға газетінің редакторы етіп сайлаған. Оралхан оқушылар арасында көркем әдебиеттер конференциясын өткізіп, онда өзі оқыған кітаптарындағы кейіпкерлер туралы үнемі сипаттама жасап тұрған. Ауылдағы шағын клубта әдеби кештерді жиі өткізген. Жазушылардың шығармаларын жатқа айтқан, қазақ жазушыларының ішінде Сұлтанмахмұт пен Бейімбетті қатты пір тұтқан. Өзінің алғашқы «Сарыарқаның әңгімесі» атты «Лениншіл жаста» жарияланған  әңгімесін Сұлтанмахмұтқа арнаса,  ал  әсіресе «Шұғаның белгісін» талай алқалы топта тебіреніп тұрып, жатқа айтқанын көрген куәгерлер әлі күнге жыр қып айтады .

        Оралхан мектепте оқып жүрген кезінен-ақ өзінің журналист, жазушы болғысы келетінін  іркілмей айтқан. Мектеп бітіру кешінде жиылған ата-аналар мен мұғалімдер алдында: — Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін,- деген екен.

    Арманының алысқа жетелегіні де рас, жетелеп қана қоймай сол арманының шыңына шыққаны да рас. Ал қарындасы Ғалияның айтуы бойынша Оралхан «Егер жазушы болмасам, әйтеуір өнер адамы болар едім»,- дейді екен. Оралханның әдемі қоңыр дауысы болғанын, гармонда жақсы ойнағанын, әнді нақышына келтіре, беріле орындайтыны  да естеліктерде  жақсы жазылған.

        Осындай мысалдардан-ақ жазушының жасынан өнерді жанына серік етіп, сұлулыққа құштар болғанынын байқаймыз. Осы сұлулыққа құштарлық оны Өр Алтайдың айдай сұлу аруы Айманға  жолықтырып, жиырма жыл тату-тәтті, ынтымақты отбасы құрып, тек бір перзентке зар болуы соңынан трагедиялық айырылысуға соқтырды. Алтайдың арман аруы: «Оралхан, будь счастлив. Береги себя. В моей гибели виновных не надо искать…», — деп соңында үш-ақ ауыз сөз қалдырып, өзін бір перзентке зарықтырып, тарықтырған мынау жалған дүниені  Оралханның бақыты үшін тәрк етіпті. Оралхан үшін бұл қаза өте ауыр тиді, оның алдында бірінен кейін бірі алдымен әкесінен, артынан әпкесі Әймен, жанына ерекше жақын, ардақ тұтқан қарындасы Мәншүк қаза болғанда — Жүрегім бір соғып, бір соқпай тұрған секілді,- деп  жүрегі қан  жылаған жазушы соңынан аялаған анасынан айырылып қайғы үстіне, қайғы қосылып, өте ауыр соққы алады. Елдің айтуынша Оралхан бейіт басында зар еңіреп, Айманның зиратын екі кісілік етіп жасаттырып, сол жерде – Өлгенде жаныңа жатамын, саған ескерткішті көзімнен аққан қанды жасыммен жазамын! — деп ант беріпті. Тек қаза тапқан жазушының бұл аманатын артындағылардың орындамағаны өкінішті…

       Әйтсе де, Айманның қазасынан кейін бұл дүниенің бар  қызығы таусылғандай, өзі  де күнделігінде «… Баяғы базары тарқамас қызығы да, қызы да көп күндер адыра қалған… Мен соңғы 4-5 жылда еш нәрсе жазғаным жоқ… Бәлкім, берерімді беріп алып, енді екі балам үшін өмір сүріп жүрген шығармын…»,- деп  тек балалары үшін ғана өмір сүрген жазушы да көп ұзамай асық жарының соңынан бақи дүниеге аттанып кете барды. Мүмкін олардың рухтары сол жақта бірге жүрген де шығар, Айманның жанартаудай жалын атқан сүйіспеншілігі жазушыны көп ұзатпай,  қасына алдырып алған болар.

       Жазушы аз өмір сүріп, халқына берерін түгелдей  бермесе де, Өр Алтайды бүкіл әлемге танытып кетті. Артында мол әдеби мұрасы қалды, қырықтың бел ортасында көрген, ғұмыр бойы армандаған  құлындары Айханы мен Айжаны қалды. Ол үлкен дүниелер жазатын дер шағында болатын, «Алданған ұрпақ» деп аталатын үш кітаптан тұратын трилогиясын аяқтай алмай кетті.

  • Бөкей

    Бөкей

    Исаханұлы Бөкей (1915.10.11-1984.23.01) бәкене бойлы, шымыр денелі, шапшаң қимылдайтын, көп сөйлемейтін, сөйлесе сөздің түбін түсіретін жан болған, бірақ ойын-тойда «Қалқаман-Мамыр», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қиссаларын жатқа айтып, өзінің қоңыржай үнімен тыңдаушыларын  еліктіріп әкетеді екен.

    Шешесі Күлия Әтембекқызы (1910.09.-1989.10) келісті, кесек тұлғалы, ауылға сыйлы, өзі тұстастар арасында ықпалды, ешкімге сөзден есесін жібермейтін, той-жиында суырып салып, өлең айтып, құрбыларын айтысқа шақырып, отырған жерін думан, күлкі ететін жан болған. Сондықтан Оралханның әдебиет пен өнерге бейімдігі ата-анасынан ауысқан қасиет деп ойлауға толық болады.

    Бөкей табиғатынан қатал, сөзге шешен, рухы биік, шыншыл жан болса, анасы Күлия ақкөңіл, ақжарқын мінезімен көпке үлгілі болған. Оралхан Бөкейдің анасы Күлия Исақанның тұңғышы Ахметке тұрмысқа шыққан. Ахмет қайғылы қазаға ұщырағаннан кейін, бұрынғының салты – әмеңгерлік заңы бойынша қайнысы Бөкейге тұрмысқа шығады. Отбасының бұл тарихы жайлы жазушының «Бәрі де майдан» хикаятында өте жақсы баяндалған.

    Отбасында Шолпан (1937.05.10-2006.18.01), Әймен (1940.28.06-1982.22.12), Ләззат (1941.08.05 – 2000.28.11) атты әпкелері, Мәншүк (1948.22.04-1984.09.10), Ғалия атты қарындастары болған. Үлкен әпкесі Шолпан Шыңғыстайда ата-анасының жанында тұрып, осы әулеттің бүкіл ыстық-суығын бірге бөлісті. Анасы қайтыс болғаннан кейін де, Оралхан қарашаңырағының отын сөндірмей, ауылына келген Оралханды анасының жоқтығын білдірмей қарсы алып, шығарып салатын адам да осы апайы болған. Кейіннен Оралхан мұражайына айналдырылған осы үйдің күтімін жасап, келушілерді қарсы алып, оларға бауыры, келіні жайлы, олардың асыл қасиеттерін жыр етті, яғни мұражайдың алғашқы ұйымдастырушысы да, гиді де бір өзі болды.

    Ал екінші әпкесі Әймен жайлы аз жазылады, Жаңаүлгі ауылының жігітіне тұрмысқа шыққан, бұл әпкесі бастауыш сынып мұғалімі болған, ертерек қайтыс болды. Артында бір ұл, бір қызы қалған. Қызы анасының жолын қуған мұғалім.

    Ләззат атты қарындасы Берел ауылының Алпысшалов Еңсеген атты жігітіне тұрмысқа шығып, сол ауылда көп жыл пошта меңгерушісі болды, кейінірек Алматыға көшіп барып, сол жақта дүние салды. Артында ұлы Қанат пен қызы Тоты бар.

    Ал Мәншүк атты қарындасы Шыңғыстай орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болған. Бұл қарындасы жайлы жазушы шығармаларында көп айтылады. Ол да анасы мен ағасына тартқан шешен, қара сөздің майын тамызған деседі. Мәншүктің де ғұмыры қысқа болды.

    Ғалия Нұр-сұлтан қаласында тұрады. Осындай әпке, қарындастарының арасында жалғыз ұл атанып өскен Оралхан еркін де, еркелеу боп өскен. Ата-анасы да, әпке, қарындастары да жалғыз ұлды төбелеріне көтеріп, әлпештеген. Сондықтан да Оралхан сәнді киініп, еркін сөйлеп, еркін өсті. Оның  осы еркіндігі мен еркелігі шығармашылығында да  айқын байқалады.

  • Исақан

    Исақан

    Райыс үлкен ұлы Исаханға «Еңбек» Таңба ауылынан ары Өрелге жетпей тау қойнауынан бастау алып Бұқтырмаға құятын Қансу деген бұлақтың бойын қыстап   отырған, Самай  елінің атақты төбе биі Мәкиленің тікелей ұрпағы Садықтың қызы Қапизаны алып беріп, ал өзінің қызы Бәтиманы Садықтың інісі Жүніске беріп қарсы құда болған. Ол заманда қызға беретін қалың малы болмай, өмірі жар сүймей өткен азаматтар да болған ғой.

    Батима мен Жүністен Қасен, Қасейін, Қатипа деген балалар туған. Садықтың екі ұлы Әбдікерім болыспен бірге 1929 жылы Қытай асып кеткен екен.

    Исахан мен Қапизадан тараған ұрпақтар: Ахмет, Бөкей, Бағдат, Ақтайлақ, Күләнда, Күләми, Ақбота (Ботай), Байтайлақ (Кәтей). Қапиза ұзын бойлы, қалың толқынды шашты, қараторының өңдісі болған екен. Исахан балаларының ішінде шешесіне түрімен келбеті өте ұқсас Ахмет болған. Бөкей болса әкесіне көбірек тартқан. Аналары Қапиза құдайдың құтты күні жатар алдындағы тілеуіне «Бабамыз Мәкиленің шешендігі мен өнерін менің ұрпағымның біріне бұйырта көр» — деп, Алладан сұрайды екен. Мүмкін сол ананың сөзі періштенің құлағына шалынған болар, мүмкін аузы дуалы болды ма кім білсін, әйтеуір Исахан мен Қапизадан тараған ұлдар да ешкімге есесін жібермеген.

    Десек те сөзге келгенде дес бермейтін Ахмет, одан кейін Бағдат болған. Оралханның бойының ұзындығы, толқынданған қайратты қатты шашы осы әжесінен қалған белгі болса керек…

    Күллі қазақ елін ашаршылық жайлаған 1933 жылдың көктемінде Толыбай жайлауында колхоздың бір отар қойын бағып отырған Исаханның інісі Достың қолындағы Ахмет үйленіп, жыл өте қайтыс болады. Ахметтің алғаны көрші Жаңаүлгі ауылындағы Әтембектің қызы Күлиә болатын. Олардың отбасында бала-шағадан екі ұл Сейсен, Сәрсенбі екі қыз Дүриә мен Күлиә еді. Әтембектің кемпірі жарықтық етті-жеңді үлкен адам болған. Ахмет жазылмас дертке шалдығып, ақырында өзіне-өзі қол жұмсаған.

    Ахметтің жетісін беріп, ауылдан ауырып жайлауға әзер жеткен шешесі Қапиза да ұзақ жатпай, айналасы оншақты күннің ішінде қайтыс болады. Бұл бір мың тоғыз жүз отыз үшінші жылдың наурыз айының аяғы.

    Кайтыс боларда қасына Бөкейді шақырып: Исаханның балаларының ішіндегі ең үлкені сенсің, Ахмет болса «анадай» болды…саған айтарым, мен бұл дүниелік емеспін, қырыққа келгенде ана дүние, бақилықтың адамы болғалы жатырмын… Өздерің  аман жүріңдер, біріңді-бірің тастамаңдар!.. Қазақта мынандай аталы сөз бар: «Түйеден қалған тұз жаман, шешеден қалған қыз жаман» дегендей, мына Күләндәні саған тапсырамын, Исахан мен Қапизаның жетім қызы дегізбе… Жалғанның жарығында сенің қолыңда болады, ақырет жалғанда өз қолыма табыс етесің – деп қызы Күләндәні, екінші ұлы Бағдатқа кіші қызы Күләмиді тапсырыпты.

    Ол да бір колхоздың малының қамы үшін қатал табиғатпен жағаласып өткен заман еді. Ол кезде қазіргідей әрбір отар қойдың соңынан бір-бір ветбраш пен ветсанитары, зооттехнигі қойшымен бірге шұбап жүреді дейсің бе? Сол кезде қойдың құрттаған жерін, тұяғын тазалайтын, дәрісін беріп емдейтін де Исақанның өзі. Қойдың күзем жүні алынысымен қойшылар қыс қамына кіріседі. Жайлаудан күзеуге одан қыстауға көшкенде қора-жайдың, қойшының қоржын үйінің есік-терезесін, ішіндегі үш құдықты нан салатын пешінің жөндеу жұмыстарымен қоса отын-су қамдау сияқты қу тіршіліктің бітіп бермейтін жұмыстары тағы бар.

    Исақанқызы Күләндәнің айтқандарынан.

    Мағзұмов, Тоқтар. Алтайдағы алтын ұя. Райыстан-Оралханға дейін [Мәтін] : эссе-эллегия / Т. Мағзұмов. — Өскемен : Шығыс ақпарат, 2013. – 124 б.

  • Райыс

    Райыс

    Райыстан Көркем, Исақан, Бәтима және Дос туған. Райыс арабша оқыған, ескіше сауатты болған адам. Тұрмысы орташа шаруа болғанымен, екі баласын уақытында отау тіктірген екен.

    Дос — Әбдікерім болыстың биі атанған, жағы жоқ шешен болған. Райыс екінші ұлы  Досқа сол Таңба ауылындағы (қазіргі Еңбек ауылы) Уақ руының қызы Дүрияны  әперген. Дүриядан Сандуғаш, Қарлығаш деген екі қыз туған. Дүрия Доспен біраз жыл ғана отасып қайтыс болады. Қызы Қарлығаш бертін соғыс жылдары колхоз жұмысшыларымен далада шөп шауып жүрген жерінде  найзағайдың оты – жасын түсіп өмірден қайтты. Ал, Сандуғаш болса, күйеуге шыққан соң, Еңбектен арбамен, бірішкемен қалаға бидай тасып жүріп, судан өтіп бара жатып арба ауғанда, арбаның астында қалып, суға тұншығып қайтыс болады.

    Досқа екінші әйелі Сарқыт туралы деректі көбірек табуға болады. Достың бірінші бәйбішесі Дүрия қайтыс болғанда күллі Қаратайдың қыздарына қарамай, сонау Тарбағатай асып Мұзбел, Татан, ары жағында Қытаймен шекаралас отырған он екі Абақ-керейдің Кебіс деген байының қызы Сарқытқа құда түсіпті. Сарқыттың Досқа ұзатылуы жайлы қызық оқиға да осы әңгімеде жазылған. Кезекті жазушының «Апамның астауы» әңгімесіне берейік:

    «Апам — Алтайдың арғы бетіндегі Керей елінің қызы. Әкесі аса бай болған, текті тұқымның тұяғы. Апам еркелеп өскен жалғыз қызы, он беске толған соң; іргелес байдың ұлына жасауын беріп сыңсыта ұзатқан екен. Өз заманының аса көрікті қызы, әрі он саусағы өнер Апам босаға көрген бірер жылында-ақ, маңғаз, инабатты, пысық келін атанады. Содан, бір күні екі кештің арасында, басқа ауылдан сый қонақтар келіп, тай сойып, тай қазан ет асып жатқан шақта, жер-ошақтағы отты үрлей берем дегенде, Апамның шылауышына шала тиіп, лап етіп жанады. Тыртыстыра тар киген, екі жақтауы зерленген кимешек-шылауыш шешілмей, бет-аузы түгел күйіп қалған екен. Күйеуі де ізгілікті жақсы жігіт болған. Алты ай емдетіп, шыбын жанын аман алып қалыпты. Келіншегім жарымжан болып қалды деп кезептенбей, тату-тәтті өмір сүріпті. Алайда, бір жылдан соң өзі дүниеден қайтып, жесір қалған Апам төркініне оралған. Осы шақта Алтайдың теріскей бетіндегі Әбдікерім болыстың биі атанған жақ жоқ жоқ шешен жігіт, біздің атамыз Достың қатыны өліп, қыз таңдап бұлаңдап, қыр қыдырып, жер сыдырып жүрген. Әрі сері, әрі атақты, салт басты, сабау қамшылы жігітке тиеміз деп, бүкіл Қаратай елі қыздары қырылып қала жаздапты. Бірақ біздің атамыз бірде-біреуін менсінбеген. Сол менсінбеген қалпы, «Ауылдағының аузы сасық» дегендейін, Алтайдан асып арғы беттегі Керейден жар таңдайды. Күйеуі өліп, бет аузын күйік шалған Апамды көріп, атының артына мінгестіріп бір-ақ түнде алып қашып кеткен. «Дос келіншек әкеле жатыр, қырмызыдай құлпырған бізді көзіне ілмеп еді, Керейден алған қызы ай мен күндей сұлу шығар, көрелік» деп, алдынан шықса, ерні салпиған тыртық біреу екен, тамам қыз бетін шымшып күліпті. Сонда атамыз айтыпты: «Ей, Қаратайдың қатын-қыздары, неменеге жетісіп күлесіңдер, менің келіншегім «Еліңнің қыздары мынау ма» деп сендерге ернін шығарып отыр» — деп, сөз тауып кеткен екен марқұм.

    Оралханның ата-анасы алыста малда жүргендіктен, әпкелерімен бірге Оралхан да көбінесе осы Сарқыт әжесінің тәрбиесінде болған. Ал көпті көрген әже тәрбиесі қашанда өнеге мектебі болған ғой. Ал Оралханның өзі әжесінің тәрбиесі жайлы осы «Апамның астауы» әңгімесінде өте жақсы баяндаған.

    Райыс тұмасы жайлы бірер сөз. Осы бір қайың мен талы аралас масатыдай құлпырған қасиетті жерді арғы бабалары Ұзақ өз ұрпақтарына тіршіліктің тірегіндей етіп иелікке қалдырған. Топ шіліктің түбіндегі қысаңдау келген саладан жер астын тесіп қайнап шығып жатқан қайнарды күллі Шыңғыстай жұрты Райыс тұмасы дейтін. Өз заманында тым терең болмаса керек, жадағай саланың түбі үнемі суланып жатқанын көрген Райыс «бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлылардың сөзін пір тұтып, тұманың көзін ашқан екен. Содан бері кейінгі ел Райыс тұмасы деп атап кетті. Райыс ұрпағына берекелі суын сыйлаған Райыс тұмасы болды.

  • Тезек

    Тезек

    Ұзақтың үлкені Тезектен Бұғас, Тоғас, Қоқан, Қорқымбай, Райыс атты бес ұл тараған екен. Тезек қартайған шағында өзінің сүт  кенжесі Райыстың қолында қайтыс болғанда, қазіргі Шыңғыстай ауылының ортасындағы ескі зиратқа жерлепті. Қалың жұрт Тезекті арулап жуындырған суды Райыс тұмасынан алған деседі.

    Исақанқызы Күләндәнің айтқандарынан.

    Мағзұмов, Тоқтар. Алтайдағы алтын ұя. Райыстан-Оралханға дейін [Мәтін] : эссе-эллегия / Т. Мағзұмов. — Өскемен : Шығыс ақпарат, 2013. – 124 б.

  • Ұзақ

    Ұзақ

    Қисық Ұзақтан Тезек, Оразалы, Ұласбай атты үш ұл тараған. Катонқарағайда Ұзақ ұрпағына құдай берген ырысы — Ұзақ тауы мен Райыс тұмасы бар. Ертеректе әр ру жаз жайлауы, қыс қыстауы бар бөлек-бөлек ауыл болып отырған. Ұзақ тауына жағалай орналасқан Райыс ұрпақтары да біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей жібек арқау ұзақ сонар көштің жібін жалғастырып жүріп жатты. Бәрі Ұзақ тауын жайлап, Райыс тұмасынан су ішіп, жағаласып егіз қатар келе беретін заман мен тағдырдың жақсы мен жамандығын көріп өтті. Бәрінің кіндік қаны тамып, жарық дүниеге шыр етіп келген күндерінен бастап тіршілік нәрін берген Ұзақ тауы келер ұрпағына бірлік тұтастығын өсиет етіп қалдырса керек…

    Исақанқызы Күләндәнің айтқандарынан.

    Мағзұмов, Тоқтар. Алтайдағы алтын ұя. Райыстан-Оралханға дейін [Мәтін] : эссе-эллегия / Т. Мағзұмов. — Өскемен : Шығыс ақпарат, 2013. – 124 б.