Автор: Dmitry

  • Мектеп-музейдің ашылуы

    2017 жылы 25 тамыз күні Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында Әбдікерім Ережепұлы атындағы мектеп-музейдің ашылу салтанаты болып өтті.

    Ұлттың рухына серпін берген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бойынша елімізде көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облысымызда осыған орай жалпы бюджеті 28 млрд.теңгені құрайтын бесжылдық бағдарлама дайындалды. Биыл бұл жобаларға 7 млрд.теңге бөлініп отыр.

    Президент бағдарламасының ауданымызда орындалуының көріністерінің бірі — Әбдікерім Ережепұлы атындағы мектеп-музейдің ашылуы.

    Әбдікерім болыс өз заманында бала оқытуға бастама көтеріп, аймақта алғаш мектеп ашып, ағарту саласына еңбек сіңірген, халық жанашыры болған Алтайдың асыл азаматтарының бірі болған.

    Ғасырдан астам тарихы бар Алтайдағы алтын ұя -Шыңғыс­тай мектебі С.Торайғыров сынды небір ғұлама ұстаз­дардың, солардан тәрбие алған Сәрсен Аманжолов, Құмаш Нұрғалиев, Оралхан Бөкей, Бошай Кітапбаев, Сейітқамза Ластаев, Зәбилә Алпысова сияқты қазақ тарихында ерекше орны бар асыл азаматтардың білім алған ордасы.

    Бұл ғимаратты облыстық мәслихаттың депутаты, ауданның Құрметті азаматы, жерлесіміз Тумашинов Лұқбек Шабданұлы қайта қалпына келтірді.

     

    Мерей Қайнарұлы. Шыңғыстай ауылында Әбдікерімге арналған ескерткіш тақта ашылды

    Азамат Қасым. Әбдікерім мектебі қайта жаңғырды

    Жұмабай Назерке. Менің Оралханым

  • Оралхан Бөкей атындағы…

    Өскемен қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ Оралхан Бөкей атындағы атауының берілу туралы

    Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетінің «Жазушы Оралхан Бөкеев есімін мәңгі есте қалдыру туралы» 27 тамыз 1993 г. N 742 қаулысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 637 «Шығыс Қазақстан облысының мәдениет және білім беру ұйымдарына атау беру мен қайта атау туралы» Қаулысы жарияланды.
    Бұл күн — 31 қазан 2016 жыл – кітапхана дамуының жаңа кезеңінежолашты.Оралхан Бөкейдің
     өмірбаяны 
    және  шығармашылығымен осы жерде таныса аласыздар.

     

     

     

    Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жазушы Оралхан Бөкеевтің есімін мәңгі есте қалдыру туралы ҚАУЛЫ етеді:

    1. Көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Оралхан Бөкеевті мәңгі есте қалдыру мақсатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Шығыс Қазақстан облыстық бюджеті, сондай-ақ басқа да түсімдер есебінен О.Бөкеевтің қабірі басына ескерткіш құлпытас тұрғызу, жазушы тұрған Алматы қаласы Жамбыл көшесіндегі № 165 үйге мемориалды тақта орнату, жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында О. Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейін ұйымдастыру туралы;

    — Алматы қаласының бір көшесіне, Өскемен қаласындағы бір мектепке О. Бөкеевтің есімін беру туралы;

    — Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің студенттері үшін О.Бөкеев атындағы бір стипендия тағайындау туралы Қазақстан Республикасының Білім министрлігімен, Қаржы министрлігімен және Алматы қаласының әкімімен келісілген ұсыныстары құпталсын.

     2. Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі О. Бөкеевтің екі томдық таңдамалы шығармалар жинағын, жазушы туралы естеліктер жинағын бастырып шығаратын болсын.

    1993 жыл, тамыз.

     

  • Даланың кербұғысы еді

    Оралхан көпшіліктің айтуымен емес, көзбен көріп, ауызба – ауыз сөйлескен жолдас жігіт еді. Марқұм көп шешіле бермейтін, тұйықтау жан болатын. Оралхан маған қашанда өзінің ішкі жандүниесімен, ішкі әлемімен арпалысып жүретіндей көрінетін.

    Оралхан қайтыс болғаннан кейін, марқұмның жолдасы Ардақ жеңгеміз, тағы бір топ дос — жараны маған Оралхан қабірінің басына қойылатын құлыптас жасауға ұсыныс білдіріп еді. Оралханның образын сомдау – мен үшін қызықты да, күрделі дүние болды. Табиғат – Ана Оралханнан ештеңесін аямаған еді. Дос сүйініп, дұшпан күйінген құдіретті дарынмен бірге, Оралхан қыз қызыққандай бітім – келбет иесі де болатын. Өзі аса талантты суреттеген Кербұғысындай керіліп жүретін жан еді. Маған «сыртқы сән – салтанатымен бірге, арпалысқан ішкі жандүниесін қалай бейнелесем екен», деген ой маза бермеді. Содан, марқұмның туған – туыс, дос – жарандарымен әңгімелесіп, жазған дүниелерін қайта парақтағаннан кейін, бір ішкі символикалық шешімге келді. Нәтижесінде бір нәрседен бұлқынып шыққысы келген, бір нәрсені үзгісі келген Оралханның бюсті дүниеге келді. Өзіміз жиі теңей беретін Оралханның Кербұғысы – бұл жолы аяқтарын бауырына жинақтап, ақырын жантайған Кербұғы – қабіртастан орын алмаса – күнә болатындай болып көрінді. Ағамыздың бейнесіне жеңгеміз Ардақ, Оралханның туыс, дос – жараны, менің қуанышыма, ризашылықтарын білдірді. Образдың дәл шығуына кезінде марқұмның бет – жүзінен алынған масканың да септігі тиді.     

    Сөз мәйегі қатар өріліп жататын Оралхан творчествосын өз басым Шыңғыс Айтматов творчествосымен салыстырғанды ұнатамын. Мысал ретінде «Ақ кемедегі» бұғы тағдырын айтсақ та болар. Оралхан психологиялық – философиялық шиеленістерді шебер береді. Сосын, оқиғаны өмірдің өзінен алатын. Оралхан творчествосы шырқау шегіне жетпей дүниеден өтіп кетті. Бұл менің өз ойым. Тірі жүрсе ғой, әлі талай тың да салмақты дүние тудыратын еді – ау, ерім…

    Әбішев Бақыт, мүсінші

  • Көркемсөздің Құлагері

    Есімі елге танымал қаламгер Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойы өзінің кіндік қаны тамған Шығыс елінен бастау алып, кең көлемде дүркіреп аталып өтті. Шығармашылығымен дүйім жұрттың жүрегінен орын алған талантты жазушы аз ғұмырында әдебиетте өшпестей із қалдырып, өзіндік жол салып кетті.

    Мерейтойға жиналған көпшілік қауым, атап айтқанда, елімізге белгілі ақын-жазушылар Төлен Әбдік, Кәдірбек Сегізбаев, Жанай Омар, Жұмабай Шаштайұлы, Нұртөре Жүсіп, Ұлықбек Есдәулет, Шәрбану Бейсенова, Нұрдәулет Ақыш, «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының бас директоры Қонысбек Ботбай, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшиддин Паттеев, т.б. сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті.

    «Бір кездері бұл ауыл Шәңгіштай деп аталған екен. Оралхан жазушылыққа бала кезден құмарланды. Өр Алтайдың құнарлы табиғатынан уызданған қаламгер өзгеге ұқсамайтын қолтаңба қалдыра білді, повестері мен сағынышқа толы әңгімелерін, романдарын бірінен кейін бірін шығара бастады. Жазушының шығармалары орыс тілінде орталық басылымдарда жарық көріп жатты. Енді, міне, ел-жұрты жазушы талантына бас иіп, мерейтойын жасауда» деп атап өтті белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханов.

    Мерейтойдың үшінші күні Мұзтаудың мұзбалағына арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Ұлттық аспаптар оркестрі домбырашыларының орындауындағы Құрманғазының «Балбырауыны» да ерекше сезімге бөледі.

    Осы сәтте ортаға шыққан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиналған қауымды құттықтап: «Өнер адамының, әдебиет өкілінің ғұмыры – мәңгілік. Жазушы мен ақынның арқасында ел мен жердің аты шығып, кіндік қаны тамған өлкеге деген құштарлық артады. Оралханның әдебиетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның кез келген шығармасын алсаңыз, туған жер мен елге деген ыстық махаббаты айқын сезіледі. Жазушының шығармаларын насихаттап, жас ұрпақ санасына сіңіру міндет. Екі-үш күннен бері дүбірлетіп той өткізіп жатқандағы мақсат – жазушының есімі мен тұңғиық әлемін ел жадында тоқи беру. Ескерткіш – тарихи құндылыққа жатады. Бүгінге дейін Өскеменде Оралханға ескерткіш тұрғызылды. Өңірде оның есімімен үш мектеп аталады, бірнеше көше бар. Ал туған жерінде мынадай үлкен ескерткіштің орнатылуы шын мәнінде ерлік. Оған қаржылай көмек көрсеткен кәсіпкерлер Тумашинов, Исабаев, Сқақов, ауданның бұрынғы басшысы Бекбосынов, тіпті еліміздің түкпір-түкпіріндегі Оралханның шығармасына бас иетін азаматтарға, бір күндік жалақыларын аударған аудан жұртшылығына алғысым шексіз» дей келе, одан әрі «Талантты режиссер Жаңабек Жетіруов Оралхан туралы 40 минуттық деректі фильм түсірді. Аманшылық болса, енді көркем фильм түсіруге әзірленіп жатыр. Оған «Қазақфильмнің» басшысы Ермек Аманшаев көмек жасайды деген ойдамыз» деген пікірін білдірді.

    Ал Астанадан келген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатын оқыса, жазушының достары Төлен Әбдік, Қуанышбай Құрманғали да жылы лебіздерін білдірді.

    Катонқарағайдағы Мәдениет үйінде «Көркемсөздің Құлагері» атты ғылыми-практикалық конференция болды. Конференцияның ұйымдастырушысы әрі модераторы Әлібек Асқаров жиынды ашып, мұндай іс-шараны жазушының туған жерінде өткізуде терең мағына жатқандығына тоқталды.

    Мерейтой барысында жазушының туыстары Оралхан аруағына арнап құран-қатым түсіріп, ас берді. Жиналғандар «Қоңыр» тобы мен жергілікті өнерпаздардың өнеріне сүйсініп, ризашылықтарын білдірді.

    Бағдагүл Балаубаева.

     

    Балаубаева, Б. Көркемсөздің Құлагері [Мәтін]: О.Бөкеевтің Катонқарағай ауылындаға ашылған ескерткіші туралы/ //Ана тілі. — 2013. – 19 қыркүйек.

  • Шыңғыстай ауылында Әбдікерімге арналған ескерткіш тақта ашылды

    28.06.2017

    Көненің көзі қайта қалпына келді. Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылындағы тарихи мектептің көшірмесі бой көтеріп, Әбдікерім болысқа арналған ескерткіш тақтасы ашылды.

    Үлкен қоңыр үй осыған дейін Катонқарағай ауылында тұрған қарағайдан салынған көне ғимарат еді. Жуықта кәсіпкер Ұлықбек Тумашиновтың мұрындық болуымен Шыңғыстайға көшірілген қоңыр үйдің қабырғасына Әбдікерім болыстың ескерткіш тақтайшасы орнатылып, салтанатты түрде ашылуы болды. Тас тақтаға болыстың портреті басылып, Әрімжан ақынның төрт жол өлеңі қашалған екен:

    Шыңғыстай бір тамаша жер екен ғой,

    Қаратай берекелі ел екен ғой.

    Алтайда алтын ұя -мектеп ашқан,

    Әпекең бір асқар тау бел екен ғой.

    Ал мектеп мұражайдың ішінде Әбдікерім Ережепұлына арналған жеке бөлме болмақ. Қазіргі уақытта жәдігерлерді жинастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал енді бір бөлме жазушы Оралхан Бөкейге арналмақ. Сондай-ақ, жергілікті ақын-жазушылар мен осы мектептен қанат қаққан түлектерге де арнайы орын бөлінеді. Сол заманға сай сынып бөлмесі де жабдықталып қойды. Мұнда ескі парталар, глубос, оқушылардың көне сөмкелері қойылды. Ал бір бұрышында контрамарка пеш орналастырылды.

    — Аудандық өлкетану мектеп-музейін тамыздың соңына қарай ашуды жоспарлап отырмыз. Атқарылмаған жұмыстар әлі көп. Әзірше қолда бар жәдігерлерді жинақтап жатырмыз. Сынып бөлмесіне Ыбырайдың, Абайдың қанатты сөздері төте жазумен жазылды, — дейді Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов.

    Ал мектеп ауласына иесін жоқтап тұрғандай етіп аттың мүсінін жасалды. Бұл дегеніміз Әбдікерімнің Қытайда қалғанының белгісі іспеттес екен. Сондай-ақ, қураған теректің артық бұтақтары алынып, ақпен сырланды. Бұл кешегі өткендердің белгісі болса, дәл жанына жас тал егіп қоймақ. Яғни, бүгінгі ұрпақтың белгісі болмақ. Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына ауыл ақсақалдары, аудан басшылары жиналып, Әбдікерім рухына құран бағышталды.

    Мерей Қайнарұлы

    https://altaynews.kz/kz/arxiv/shyngystay-auylynda-abdikerimge-arnalgan-eskertkish-takta-ashyldy.html

  • Оралхан атындағы көшелер

    — 2025 жылғы 4 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің №301 бірлескен қаулысы мен Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №26/214-VIII шешімі — «Шығыс Қазақстан облысының Өскемен және Риддер қалаларының кейбір құрамдас бөліктерін атау туралы» құжатына сәйкес, Өскемен қаласындағы Утепов көшесі Оралхан Бөкей көшесі болып қайта аталды.

     

    — 1993 жылы 8 желтоқсанда Катонқарағай ауданы Үшбұлақ ауылындағы № 3 көшеге – «Оралхан Бөкей атындағы» атау берілді.

     

    — 1994 жылы Өскемен қаласындағы Металлург кентіндегі бір көшеге О.Бөкейдің есімі берілген.

     

    — Алматы қаласы әкімінің 03.11.1997 № 655 қаулысына сәйкес Алматы қаласындағы бір көшеге қоғам қайраткері, қазақтың талантты жазушысы, қолтаңбасы дара суреткер, қара сөздің хас шебері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург, публицист Оралхан Бөкеевтің есімі берілген. Көше Әуезов ауданында орналасқан. Райымбек даңғылынан басталып Рысқұлов даңғылына дейін созылып жатыр. Бұрынғы атауы — Севанская көшесі. Көшенің ұзындығы — 1250 метр.

    Алматы көшелері. Анықтамалық энциклопедия [Мәтін]:

    – Алматы: “ИП Волошин” баспасы, 2009. ISBN 978-601-7157-18-0. https://kk.wikipedia.org/wiki/

     

     

  • Шыңғыстай ауылында Әбдікерімге арналған ескерткіш тақта ашылды

    28.06.2017

    Көненің көзі қайта қалпына келді. Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылындағы тарихи мектептің көшірмесі бой көтеріп, Әбдікерім болысқа арналған ескерткіш тақтасы ашылды.

    Үлкен қоңыр үй осыған дейін Катонқарағай ауылында тұрған қарағайдан салынған көне ғимарат еді. Жуықта кәсіпкер Ұлықбек Тумашиновтың мұрындық болуымен Шыңғыстайға көшірілген қоңыр үйдің қабырғасына Әбдікерім болыстың ескерткіш тақтайшасы орнатылып, салтанатты түрде ашылуы болды. Тас тақтаға болыстың портреті басылып, Әрімжан ақынның төрт жол өлеңі қашалған екен:

    Шыңғыстай бір тамаша жер екен ғой,

    Қаратай берекелі ел екен ғой.

    Алтайда алтын ұя -мектеп ашқан,

    Әпекең бір асқар тау бел екен ғой.

    Ал мектеп мұражайдың ішінде Әбдікерім Ережепұлына арналған жеке бөлме болмақ. Қазіргі уақытта жәдігерлерді жинастыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал енді бір бөлме жазушы Оралхан Бөкейге арналмақ. Сондай-ақ, жергілікті ақын-жазушылар мен осы мектептен қанат қаққан түлектерге де арнайы орын бөлінеді. Сол заманға сай сынып бөлмесі де жабдықталып қойды. Мұнда ескі парталар, глубос, оқушылардың көне сөмкелері қойылды. Ал бір бұрышында контрамарка пеш орналастырылды.

    — Аудандық өлкетану мектеп-музейін тамыздың соңына қарай ашуды жоспарлап отырмыз. Атқарылмаған жұмыстар әлі көп. Әзірше қолда бар жәдігерлерді жинақтап жатырмыз. Сынып бөлмесіне Ыбырайдың, Абайдың қанатты сөздері төте жазумен жазылды, — дейді Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов.

    Ал мектеп ауласына иесін жоқтап тұрғандай етіп аттың мүсінін жасалды. Бұл дегеніміз Әбдікерімнің Қытайда қалғанының белгісі іспеттес екен. Сондай-ақ, қураған теректің артық бұтақтары алынып, ақпен сырланды. Бұл кешегі өткендердің белгісі болса, дәл жанына жас тал егіп қоймақ. Яғни, бүгінгі ұрпақтың белгісі болмақ. Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына ауыл ақсақалдары, аудан басшылары жиналып, Әбдікерім рухына құран бағышталды.

    Мерей Қайнарұлы

    https://altaynews.kz/kz/arxiv/shyngystay-auylynda-abdikerimge-arnalgan-eskertkish-takta-ashyldy.html

  • Әбдікерім мектебі қайта жаңғырды

    Асқақ Алтайдың алқымындағы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында бір ғасыр бұрын Әбдікерім болыс салғызған мектептің көшірмесі бой көтерді. 

    Көне де жаңа нысан мектеп-музей болып ашылып отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шара Әбдікерім болыстың туғанына 155 жыл толуымен және еліміздегі ең алғашқы білім ордаларының біріне саналатын мектептің 110 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

    Мектеп-музейдің ашылуына Әбдікерім Ережепұлының туған шөбересі Еркін Бәйіс те келген екен. Тұсаукесер лентасы қиылмас бұрын қойылған театрландырылған көріністе білім ордасынан түлеп ұшқан Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев, КСРО Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушы Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров және Дидахмет Әшімхан сынды елге белгілі тұлғалардың есімдері аталды.

    Мәдени шаңырақтың ішінде Әбдікерім болыстан бастап белгілі тұлғалар туралы деректер қойылған. Бір бөлме өткен ғасыр үлгісіндегі сынып ретінде жабдықталыпты. Музейдің ашылуына куә болған ауыл тұрғындары айрықша қуанышты.

    – Оқушы күніміз көз алдымызға келді, – дейді жетпістің жетегіндегі Нұрлан ақсақал. – Тарихымызды тірілткен аудан азаматтарына алғысым шексіз. Оның ішінде өз қаржысына осы мектеп-музей үйін салып берген Ұлықбек Тұмашиновке ризамыз. Музей ішін жабдықтауға зор үлесін қосып жүрген Дүйсен Бралиновке де мың алғыс.

    Азамат Қасым.

    Қасым, А. Әбдікерім мектебі қайта жаңғырды [Мәтін] / А. Қасым // Егенмен Қазақстан. — 2017. — 5 қыркүйек. — Б.3.

     

  • ШҚО сәулет-этнографиялық мұражай-қорығы этнопаркіндегі О.Бөкейдің әдеби-мемориалдық кешені

    2004 жылы Өскемен қаласындағы ШҚО сәулет-этнографиялық мұражай-қорығы этнопаркінің ашылуы болды. Бұл — О.Бөкейдің әдеби-мемориалдық кешенімен ШҚО-ның үздік жазушыларының шығармашылығының назарына ұсынылған ШҚО сәулет-этнографиялық мұражай-қорығы облыстың ең таңдаулысы екенін баса айту керек.

    Сәулет-этнографиялық мұражай-қорығы аумағында қос бірдей жазушылар үйі бой көтерген. ШҚО-ның қазақ жазушыларының үйі бірқабатты ағашбөренелі ғимаратта Оралхан Бөкейдің, орыс жазушылары үйі алдына Павел Бажовтың мүсін – ескерткіштері қойылған. Мүсін авторы — В. Б. Самойлов. Мұражай экспозициясында Оралхан Бөкейдің мемориалдық заттарынан: шылым трубасы, «чукчанка-қыз» кәдесыйы, жеке кітапханасынан алынған қолтаңбасы бар қазақ тілі оқулығы орын алған.

     

         
  • Шыңғыстайдағы мұражай-үйі

    2003 жылы 8 қазанда Оралхан Бөкейдің 60 жылдығына орай Оралхан Бөкей мұражай — үйінің салтанатты ашылуы, жазушының туған ауылында Шыңғыстайда өтті. Катонқарағай өңірінің өзіне тән, бөренелерден салынған ағаш үй. Осы үйде жазушының балалық шағы өткен. Оралхан Бөкейдің Алматыға сапарынан кейін, бұл үй ұзақ уақыт бос қалды. Тек 2003 жылы ғана Катонқарағайдың мәдениет бөлімі шешімімен жерлесімізді еске алу мақсатында Оралхан Бөкей атындағы мұражай-үйі қалыптасты. Сол уақыт аралығында мұражай-үйі 2005 жылы дүниеден өткен жазушының апайы Шолпанның қарамағында болды. Мұражай — үйінің алдында кіреберісте шығысқазақстандық мүсінші Владимир Самойлов орындаған мемориалдық ескерткіш Оралхан Бөкейдің мүсіні орын алған.

    Мұражай-үйі 4 бөлмеден құралған: ас үй, қонақ бөлмесі, ата-анасының бөлмесі және жазушының дем алу бөлмесі. Мұражайдың экспозициясында жазушының ата-анасы мен Оралханның өзі қолданған тұрмыстық заттары ұсынылған.